01 қыр, 2016 сағат 09:03

Өнер мен білім – өркендеудің өрісін кеңейтетін салалар

Егемендігімізді алып, есімізді жинап, еңсемізді көтерген күннен бергі кезеңге қарасақ, ел тарихында елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Төбесі көк тіреген көп қабатты зәулім үйлер, оқу ошақтары, өнер ордалары бірінен соң бірі бой көтеріп, еліміз елді мекендерінің ажары еселене түсті.

Күні кеше елордада ертеңгі ел болашағына еңбек ететін екі бірдей ғимараттың құрылысы аяқталды. Оның бірі – ауданы 14 мың шаршы метр болатын, 1200 оқушыға лайықталған, 48 оқу кабинеті бар №84 мектеп-лицейі болса, екіншісі – отандық би өнерінің дамуына даңғыл жол ашатын Қазақ ұлттық хореография академиясы. Осынау өнер мен білім ордаларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып, ашылу салтанатына қатысты.

Елбасы жиналғандарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, тәуелсіздік жылдарында білім беру саласын дамыту және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру үшін мемлекет көп күш-жігер жұмсағанын атап өтті.

– Көптеген жастарымыз шет елдерде білім алуда, бұл жылдарда еліміз бойынша 1700-ден астам мектеп, соның ішінде зияткерлік мектептер ашылды. Биыл 60 жаңа оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы қадамдар жас ұрпақтың өсіп-өркендеуі мен еліміздің болашағы үшін жасалып жатыр. Бұл мектеп шейх Халифпен келісім негізінде соның қаражаты есебінен салынды. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оқу орнының инфрақұрылымы 30 орындық оқу залы бар кітапхананы, 360 орындық мәжіліс залын, спорт залын, жүгіру жолағын, сондай-ақ футбол, баскетбол, волейболмен айналысуға арналған алаңдарды қамтиды.

Содан соң Елбасы Қазақ ұлттық хо­реография академиясының ашы­лу рәсіміне қатысып, қазақстан­дық­тарды елордада жаңа жоғары оқу ор­нының бой көтеруімен құттық­тады.

– Бүгін біз Астанада жаңа өнер ордасын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде ұлттық балет пен би шеберлерінің жаңа шоғыры оқып, тәрбиеленеді. Мұнда қазақстандық салт-дәстүр дамып, әлемдік дең­гей­дегі би өнерін дамытуға жаңаша қадамдар жасалатын болады. Ұлт­тық хореография академиясы – біз­дің елімізде ғана емес, бүкіл Ор­та­лық Азия елдеріндегі осы үлгідегі ал­ғашқы жоғары оқу орны. Онда қазақстандықтармен бірге, өзге шет елдердің шығармашыл дарын­ды жастары оқитын болады. Еліміз­дегі бұл академия уақыт өте келе бүкіл Еуразиядағы балет пен би ше­берлерін дайындайтын жетекші ор­талықтардың бірі болатынына се­немін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы акаде­мия­дағы оқу ісі би мен балет өнерінің не­гіздерінен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі магистрлер мен докторанттарды дайындауға дейінгі білім беру үрдісінің барлық деңгейін қамтитынын атап өтті.

– Бұл көп деңгейлі кәсіби хореографиялық білім беретін толық циклды академияның маңыздылығы мен бірегейлігін ескере отырып, оған менің Жарлығыммен «Ұлттық жоғары оқу орны» айрықша мәр­те­бесі берілді. Сіздер осы жаңа өнер ордасында жоғары халықаралық өлшем мен білім берудің отан­дық қайталанбас стандартын қалып­тастыруға тиістісіздер. Сіздер Қазақ­станның би мен балет өнерінің жаңа ұлттық брендін орнықтырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті оқу орнының бюджеттен тыс қаражат көздеріне салын­ға­нын айтып, сәулетшілер мен құры­лыс­шы­ларға атқарған жұмыстары мен шы­ғар­машылық еңбектері үшін алғыс білдірді.

Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев академия ректоры А.Асылмұратоваға балеринаның ша­ғын мүсінін табыс етті.

– Бұл мүсінді түлектер жыл сайын бі­рінші сынып оқушыларына табыс­тайды, ол балет әртістерінің кәсіби дең­­гейі өсуінің жалғастығы мен ака­­де­­мияның дәстүрлер сабақтас­ты­ғы­ның символы болады, – деді Елбасы.

А.Асылмұратова Қазақстан Президентіне білдірген сенімі мен академияға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.

– Біз үшін мұнда біліктілігі жоғары әртістер, педагогтар, өнер­та­нушылар ғана емес, сондай-ақ елі­міздің нағыз патриоттарын, өнерді құрметтейтін мәдениетті азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Академия қазіргі мойындалған мектептердің қатарынан өзінің лайықты орнын табады деп үміттенеміз. Біз сол үшін бар күшімізді саламыз, – деді академия ректоры.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев оқытушылар мен студенттерге ең­бек пен оқуда жетістікке, жаңа шы­ғармашылық жұмыста табысқа жетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Президенті акаде­мияның Құрметті қонақтар кіта­бына қолтаңба және «Уақыт құ­ты-капсуласына» естелік жазба қал­дырды. Бұдан бөлек, Елбасы балет залын, жатақхананы, асхана мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу сыныптарын аралап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімнің қорытындысы бой­ын­ша өткен БАҚ өкілдеріне ар­налған брифинг барысында барша қазақстандықтарды келе жатқан Білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге табыс пен мықты денсаулық тіледі.

Рауан ҚАЙДАР,