Түлектерінің жетістіктері мен ұстаздарының мәртебесі салтанатын асырып тұратын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалғанына да биыл екінші жылға аяқ басты. Кез келген мекемеде жаңа басшының тағайындалуымен дәстүрлер жалғасын тауып, заман талабына сай жағымды өзгерістер байқалып жатады. Ел руханиятына қызмет ететін мамандарды даярлайтын шығармашылық бағыттағы оқу ордасының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Нүсіпжанова байыпты мінез, биязы үнімен әңгіме тарқатып, өзінің өнер мен мәдениет мәселелерімен жете таныс екенін байқатты.
– Бибігүл Нұрғалиқызы, еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына ректорлыққа тағайындалғаныңыз сіз үшін тосын болды ма?
– Қазақ өнерінің қара шаңырағы және таланттар ұстаханасы болып есептелетін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына 2000 жылы ұстаздық қызметке келдім. Өзім фортепиано оқытушысымын. Академияда қатардағы ұстаздықтан бастап, аға оқытушы, секция меңгерушісі, факультет деканы секілді сатылардан өттім. «Тосын болды ма?» деген сұрақтың астарында, «қайдан келдің?» деген емеурін жатқанын түсінемін. Анықтап айтқанда, өнер әлеміне көлденеңнен қосылған көк атты емеспін. Мен музыкадан жаралып, әуен, әуез әлемінде тәрбиелендім десем, артық айтпаған шығармын деп ойлаймын. Қазақ өнерінің марқасқалары Нұрғиса Тілендиев, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев секілді әкемнің дос-жарандары жиі бас қосатын өнерлі ортада өсіп, қанат қақтым.
– Заманауи жоғары оқу орындарының міндеті – сапалы маман әзірлеу. Шығармашылық оқу орнын басқарудың ерекшелігі неде?
– Қазіргі кезде күн тәртібінде қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталған «Ұлт Жоспарына» және әлемде қолданысқа еніп жатқан жаңа бағыттарға байланысты білім беру сапасын жақсартып, жаңа деңгейге көтеру мәселесі тұр. Жақында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашқан әлемдік деңгейдегі жаңа Хореография академиясы да осы мақсатты жүзеге асыру үшін ұйымдастырылды. Ал енді біздің Өнер академиясында сапаны арттыруға деген ұмтылыс дәстүрге айналған. Менен бұрын ректор болған бүгінгі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бірқатар маңызды жобалардың негізін жасап кетті. Ол өзінің іргелі ізденісі мен табандылығы арқасында академияда докторантураның ашылуына қол жеткізді. Осының нәтижесінде бізде үздіксіз білім беру идеясы жүзеге асып отыр. Академияда 7-сыныптан бастап білім беретін көркемөнер мектебі, колледж, бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтитын білім берудің бес сатылық жүйесі жұмыс істейді. Талантты және талапты балаларды еліміздің түкпір-түкпірінен таңдап, мектеп қабырғасында өнерге баули отырып, колледж, бакалавриат арқылы білікті маман болуына жағдай жасаймыз.
Болонья процесіне қосылу Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуына жаңа серпін берді. Әсіресе, академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Бұл бағдарлама әлемдік білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру мен сапаны көтеруге бағытталған. Осы бағдарлама негізінде ұстаздарымыз бен студенттеріміз халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жаңа оқу жылында осы бағдарлама бойынша дизайн мамандығында оқитын студенттеріміз Германияның Аахен қаласына бір семестр тегін оқуға аттанып кетті. Ендігі кезекте іріктеліп шығатын топ Оңтүстік Кореяда оқуға дайындалуда.
– Елімізде жоғары білімді модернизациялауға және инновацияларды енгізуге байланысты жобалар жасалып жатыр. Шығармашылық бағытта білім алып жатқан студенттердің осы жобалардағы үлесі қандай?
– Академия биыл бірінші рет қашықтан оқыту технологиясын қолға алды. Себебі, жасырудың қажеті жоқ, облыстардағы театрлар мен филармонияларда жұмыс істейтін жап-жақсы мамандардың кейбірінің жоғары білімі жоқ. Отбасын асырап отырған, жасы отыздан, қырықтан асып кеткен азаматтарға жұмысын тастап, оқу мүмкін емес. Бұрынғыдай сырттай оқытатын бөлімдер бүгінде жоқ, осы олқылықты дистанциялық оқыту жүйесі толықтыра алады деп ойлаймыз. Ауылында отырып-ақ таңдаған мамандығы бойынша дәрістерін интернет арқылы тыңдап, қажетті электрондық оқулықтары мен әдебиеттерін тауып оқып, сынақтарын тапсыра береді.
Дистанциялық оқу жүйесін жетілдіре отырып, біз өнер тақырыбындағы ғалымдардың еңбегі мен кітаптарының электрондық нұсқасын әзірлеп, академия сайтына енгізіп, шетінен толықтырып отырамыз. Әрине, бұл оқыту түрі кейбір мамандықтарға келе бермейді. Сондықтан оны мамандықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, жүзеге асырмақ ойымыз бар.
«Болашақ» бағдарламасына келсек, әсіресе, кино саласы бойынша білім алғысы келетін ынталы жастар жетерлік. Нью-Йорктің Кино академиясында оқып жатқан жастарымыз бар. Жалпы, кино саласындағы әлемдік мықты мектептермен байланысымыз жақсы. Себебі, біз Халықаралық киномектептер ассоциациясының мүшесіміз. Шетелдік университеттердің жоғары талап тұрғысынан қарайтыны соншалық, кез келген елдің студенті мен магистрантын қабылдай бермейді. Ал ассоциация мүшесі болса, онда көзқарас басқаша. Әртүрлі жеңілдіктер қарастырылады, балама жолын көрсетеді, сайып келгенде, қазақстандық талапкер жастарды қабылдауға қарсылығы болмайды.
– Академияны бітіріп жатқан түлектердің кейінгі тағдырымен қаншалықты таныссыз? Кадр әзірлеуден бөлек, жұмыссыздық мәселесін шешіп, маман тапшылығын жоюда оның қоғамға беретін көмегі қандай?
– Көпшілікке белгілі, теорияны өндіріспен ұштастыра отырып оқытатын дуальды оқыту жүйесі деген бар. Дуальды оқыту жүйесінің мынандай бір жақсы нәтижесін айтқым келеді. Астанада белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың жетекшілігімен «Жастар театры» ашылды. Маман шеберханасында 4 жыл бойы шыңдалып шыққан студенттердің дипломдық спектаклі театрдың репертуарына енгізіліп қана қоймай, олар түгелдей осы шаңыраққа актер болып қабылданды. Биыл ұйғыр тобын бітірген студенттер Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр театрының актерлік труппасына қызметке алынды. Енді Астанада мюзикл театры ашылады, жас режиссер, академияның докторанты Есләм Нұртазиннің шәкірттері осы театрдың актері болып жұмысқа орналасады деп отырмыз.
– Ал дизайн, көркемсурет, мүсін, драматургия, оператор, театртану өнеріне маманданғандар мен қоғамның бұларға деген сұранысы сай келе ме?
– Бұл мамандықтарға жыл сайын 5-6 студент қана қабылданады. Басқа жоғары оқу орындарындағыдай емес, біз мектеп бітіруші түлектерді қатаң талаппен іріктеп аламыз. Осы санаулы студенттеріміз жоғары курстардан жұмыс істей бастайды. Суретші, мүсінші жастарымыз қабілет-қарымына қарай шағын тапсырыстар орындап, әртүрлі тақырыптағы көрмелерге қатысады. Әсіресе, дизайн мамандарына сұраныс көп.
– Белгілі театр, кино қайраткерлері өнер адамын, әсіресе, сахна артисін ақылы оқытудың еш ақылға сыймайтынын айтып, наразылықтарын білдіріп жүреді. Тәңір ғана беретін талантты тәрк еткендей, Т.Жүргенов атындағы академияның актер мамандығын ақылы түрде оқытып жатқандарын түсінбей дал…
– Ата Заңымызда айтылғандай, еліміздің әр азаматы оқуға міндетті. Мысалы, биылғы жылы 80 студент актер мамандығын таңдады. Бірақ олар бірнеше сатыдан тұратын сынақтан сүрінбей тұрмайды. Қатаң талаппен іріктелгені ғана шығармашылық сынаққа барады. Алайда, осы сынақта жинаған балы белгілеген межеден әлдеқайда төмен болып шықса, ол бала ақылы бөлімге де алынбайды. Өкінішке қарай, өнерді кеңестік жүйе дағдысымен өлшеп, саралау әлі қалмай келеді. Мемлекеттік грантта оқитын балалардың кейбірі 1, 2-курстан бастап киноға, жарнамаға түсіп, театрда сахнаға шығып жұлдыз болып, масаттана бастаса, ақылы оқитын балалардың ынтасы олардан әлдеқайда күштірек болады. Жыл сайын ақылы бөлімнен бітіріп шығатын 20 студент 54 театры бар Қазақстан үшін көптік етеді деп ойламаймын.
– Әзірге Қазақстан жоғары оқу орындарының тәжірибесінде қолданылғанын естімедік, бірақ посткеңестік елдердің бірқатарында студенттерге сабақ беретін ректорлар бар екен.
– Шынымды айтайын, академия – қайнаған тірліктің ортасы. Бос уақыт бола бермейді. Соған қарамастан, магистранттарға ғылыми жетекшілік жасаймын. Ал Өнер академиясының ректоры ретінде мен үшін «қабылдау күні» деген тәртіп те, түсінік те жоқ. Кабинетімнің есігі мәселемен келген барлық студентке, ұстазға, ата-анаға ашық. Академия сайтында «ректор блогы» жұмыс істейді. Егер айтуға жүрексінсе немесе ұяңдық танытса, әр студент өтінішін, шағымын сол блокқа жаза алады. Мен онымен мұқият танысып отырамын. Мұнда оқитын әр студент бір-бір үйдің үміті, шамшырағы болса, біздің академия үшін – ел руханияты мен ақыл-ойын биікке сүйрейтін білікті маман. Ендеше, мұншама үлкен жауапкершілік тұрғанда, бір сәтке болса да ел келешегі үшін еңбек ететін жастардың алдында босаңсуға болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ