6 қараша күні Ресей Федерациясының Омбы қаласында Ресей мен Қазақстан жастар көшбасшыларының бірінші форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара екі елдің XVI аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында өтіп жатыр. Жастар жиыны екі күнге созылады.
Форумның ашылу салтанатында қазақстандық тарапты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар ісі және отбасы комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет таныстырды. «Біздің жастарымыз менталдық, мәдени және тілдік қарым-қатынаста бір-біріне етене жақын. Болашақ ұрпақ Ресей мен Қазақстан халқын құрметтейтін достық пен одақтастықтың игі дәстүрлерін сақтап, нығайтуы маңызды», - деп атап өтті комитет төрағасы. Сондай-ақ Мадияр Қожахмет жастар саясаты саласындағы негізгі міндет жастарға әр салада жол ашып, болашақта мықты маман болып қалыптасу үшін жағдай жасау қажет деген пікірін білдірді.
Бұл ретте мемлекеттің мақсаты - жастардың қоғамға қажетті топтарын қамтып, оларға өз мүмкіндіктерін толық көрсете алатын «әлеуметтік лифт»құру басты міндет. Бұл үшін Қазақстанда «мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң және 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасы әзірленіп, жұмыс істеуде. Жүйелік негізде бағдарламалық құжаттар мен жобалар іске асырылып жатыр.
Форум жұмысына жүзден аса жас қатысып жатыр. Олар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, волонтерлер, екі елдің ЖОО оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ журналистер мен блогерлер.
Форум бағдарламасында екі елдің жас дипломаттарының кездесуі және жастар саясатын жүзеге асыруға жауапты Ресей мен Қазақстанның атқарушы билік органдары басшыларының жұмыс кеңесі өтеді деп жоспарланған.
Форум қорытындысы бойынша Ресей мен Қазақстанның жастар қоғамдық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы екі жақты келісімге қол қою жоспарланған.
Бұл шараның мақсаты - Ресей мен Қазақстан жастары арасындағы диалог форматтарын кеңейту, ынтымақтастық бағыттарының кең қанат жаюуына мүмкіндік жасау.