Бүгін Астана сотында Малика Мұхитованың аппеляциялық шағымы қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындап, марқұмның ата-анасынан тағы да жылап кешірім сұрады. Ол өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Мұхитованың адвокаты Дмитрий Куряченко өз қорғауындағы адамның кінәсі жоқ екенін мәлімдеді.
"Мотоциклшінің рұқсат етілмеген жылдамдығы кедергінің пайда болуына әкеп соқты. Егер мотоцикл рұқсат етілген жылдамдықпен жүргенде мұндай болмас еді", — деді Куряченко сот залында.
Оның айтуынша, Астана, Алматы мен Омбы сарапшыларының мәліметінше, видеода көрінген сәттен бастап мотоциклдің ең төменгі жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан асқан, ал тежеу алдындағы жоғары жылдамдық сағатына 116,36 шақырымды құрады.
Адвокат Малика Мұхитованың қыркүйек айында Ескендірдің зиратына барып, кешірім сұрағанын атап өтті. Ал қыздың аяғы жоқ атасы екі рет Олжас Сүлейменовке барып, "олардың азабын жеңілдету үшін, өз өмірін алуды" ұсынған.
Зардап шеккен тараптың өкілдері Мұхитованың адвокатының мәлімдемесін негізсіз, объективті емес деп атады.
Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы бұл жолы сот отырысына қатысқан жоқ.
"Есіл аудандық сотының Мұхитоваға қатысты үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұраймын. Жәбірленушілер тарапымен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, сотталушы Мұхитованың немқұрайлығынан баласынан айырылған ана ретінде менің пікіріме басымдық беруіңізді өтінемін", — деп оқып берді адвокат Альмира Шайхина марқұмның анасы Лейла Сүлейменованың хатын.
Жол апаты қалай болды?
Жол апаты осы жылдың 22 маусымында Астанадағы Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болды. Белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің жиені мотоцикл жүргізіп келе жатқан. 27 жастағы Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі Hyundai жеңіл көлігімен соқтығысады. Көлік рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова отырған. 29 жастағы қыз солға бұрылу кезінде мотоциклшіге жол бермей, салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.
Малика Мұхитоваға ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылды.
Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Малика Мұхитова Ескендір Сүлейменовтің ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтініп жылап жіберді.
Сот үкімімен айыпталушы кінəлі деп танылып, қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бес жыл көлік тізгіндеуге тыйым салынды. Маликаның туысқандары сот үкіміне шағым түсірді.
20 желтоқсан күні отандық БАҚ-қа берген сұқбатында Олжас Сүлейменов отбасының үлкені ретінде өзіне жауапкершілік ала отырып, Маликаны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда 26 желтоқсанда Астана сотында Малика Мұхитованың апелляциялық шағымын қарау кезінде ақынның жаңа хаты оқылды. Бұл хатында ақын марқұм Ескендір Сүлейменовтің ата-анасына бұрынғы хатты (Малика Мұхитованың жазасын жеңілдетуді сұрап жазған хаты) көрсетпегеніне өкінгені туралы жазған.
Сүлейменовтің айтуынша, бұл жазба жақындарының арасында үлкен резонанс тудырған. Жазушы Мұхитованың туыстары бірнеше мәрте кешірім беруді өтінгендіктен, бұл әрекетке жанашырлықтан барып отырғанын айтқан.
"Хатты жібермес бұрын оны қызым мен Сергейге көрсетіп, ақылдасып алуым керек болатын. Бұл - менің қателігім", — деген еді Олжас Сүлейменов.
Ол өзінің айтқандары Ескендірдің ата-анасының позициясын білдірмейтінін атап өтті.
Ал марқұмның анасы Ләйлә Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан соттан кесілген жазаны сол күйінде қалдыруды сұрады.