14 қаң, 2021 сағат 11:38

Олжас Сүлейменов коронавирустың жеңіл түрін жұқтырып алды

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов әйелімен бірге коронавирустан емделіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, Олжас Сүлейменов пен жары Маргарита Владимировна 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап Алматы қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Оларға жеңіл дәрежедегі коронавирус диагнозы қойылған.

"Науқастар жағдайының жақсаруына байланысты 15 қаңтарда үйде емделуге шығару жоспарланған", - деді басқарманың баспасөз қызметі.

Сүлейменов пен жарының коронавирус жұқтырғаны туралы Facebook желісінде Бигелді Ғабдуллин жазды.

"Олжас Омарұлы Сүлейменов және оның жұбайы Маргарита Владимировна орталық клиникалық ауруханада бір апта бойы профилактикада жатты, шамасы олар қарғыс атқан вирусты сол жерде жұқтырды. Бүгін арнайы бригада оларды коронавирус жұқтырғандарға арналған аураханаға апарды. Ол жаққа кіргізбейді. Маргарита Владимировна Олжекеңе қарағанда ауыр халде жатыр. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда. Олардың қызы Мәдинамен сөйлестім. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін, емдеу қалыпты жүріп жатқанын айтты", - деді Ғабдуллин.

Айта кетейік, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 2020 жылдың желтоқсанында Сүлейменов ЮНЕСКО аясында құрылған Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры болды.