28 ақп, 2025 сағат 18:54

Олжас Бектенов табысына сәйкес келмейтін салық төлеген бизнеске екі апта уақыт берді

Фото: Ukimet

Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жосықсыз салық төлеушілер шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін пайдаланады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Қалғаны 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдаланып арнайы салық режимінде жұмыс істейді. Ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірісті көрсетеді.

«Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», - деді Мәди Такиев.


Ол бірнеше мысал келтіріп, осыған қарсы күрес шараларын ұсынды:

  • - бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
  • - нысанның салық даулары мәнінен басым болу принципін енгізу;
  • - мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • - жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.
«Бүгін-ертең салық органдарынан қосымша салықты төлеу туралы хабарлама келіп түседі. Барлығынан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларациясын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын», - деді Премьер-министр.


Егер бұл орындалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады. 

«Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса біз диалог құруға дайынбыз», - деді Олжас Бектенов.