Фото:primeminister.kz
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Шанхай қаласында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен келіссөздер өтеді, VII Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысу жоспарланған, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Жұмыс сапардың басты мақсаты – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы екіжақты тауар айналымы көлемін өткен жылғы $41 млрд деңгейіндегі тарихи рекордтан екі есеге арттыру жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыру.
Дөңгелек үстел жұмысына металлургия, энергетика, машина жасау және автомобиль өнеркәсібі, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа да салалар бойынша көшбасшы компаниялар өкілдері қатысты.
Экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективалары қаралды. Кездесуге қатысушылар ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық әріптестік артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.
Қазақстан-Қытай бірлескен ірі жобалары қатарында Camc Engineering компаниясымен бірлесіп кальцилендірілген сода өндіру зауытын, Tianjin Cement Industry Design and Research Institute-пен «Састөбе» химиялық кешенін және Yunnan Industrial Explosive Group-пен жарылғыш заттар өндіру зауытын салу жобасы бар. Қуаты 90 мың бірлікті құрайтын, толық шағын торапты құрастыруға негізделген CHANGAN, HAVAL, CHERY автокөліктерін шығаратын зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Geely, Exeed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша 1 мың жұмыс орнын құра отырып, $150 млн сомаға инвестициялық келісім жасалды. Жобалар жоғары сапалы отандық өнім өндіруге қабілетті технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер, екі елдің бизнес-қауымдастықтарының пікірінше, екіжақты әріптестіктің орнықтылығы мен өнімділігін растайды.