Nazarbayev University-де Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Қоры Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлайды.
Кеңес мүшелері NU-дың жоғары функционалды зертханаларымен және ғалымдардың жаңа әзірлемелерімен, атап айтқанда Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен, импульстік үдеткіш зертханасымен, заманауи наноматериалдармен, геномдық және дербестендірілген медицинамен танысты.
Жоғары Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов ғылым мен өндірісті интеграциялаудың, сондай-ақ қазақстандық ғылыми қоғамдастық үшін ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту жөніндегі нақты міндеттерді атап көрсетті. NU-дың өнеркәсіптік өндірістерге жақын орналасқан өңірлік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
«Университет ғылыми және білім беру ресурстарын дамытуды күшейтіп, өз әзірлемелерін коммерцияландыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті нығайтуы қажет. Мұның барлығы ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға ықпал етеді. Зияткерлік мектептердің әлеуетін өңірлердегі мектептерді қолдау үшін барынша пайдалану керек. Біздің міндетіміз – балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта NU зертханаларындағы зерттеушілер тобы жасанды интеллектіні дамыту, жасыл технологияларды енгізу үшін оптоэлектроника саласындағы инновацияларды зерттеу, күрделі ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен айналысады.
«Біз препараттың бірінші және екінші фазаларын бастапқы зерттеуді аяқтадық және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз клиникалық сынақтарды жүргізуді жалғастырамыз, оның барысында емделу кезінде максималды әсер алу үшін препараттың ең жоғары төзімді дозасына шығу керек», — деді National Laboratory Astana (NLA) директоры Дос Сарбасов өз командасының қатерлі ісікке қарсы тиімді дәрі жасау бойынша жұмысы туралы.
«Зертханамызда дамытып жатқан негізгі бағыттардың бірі – қазақстандық референсті геномды зерттеу. Яғни геномдық нұсқалардың референсті базасын құру үшін басқа популяциялардан қаншалықты ерекшеленетінімізді зерттеу», — деді NU жанындағы NLA өмір туралы ғылымдар орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Ақылжанова.