08 қар, 2024 сағат 10:45

Олжас Бектенов активтерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысын өткізді: мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге аударылды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің басшылығымен активтерді қайтару мәселелері бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл жиында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы Заң аясында жалпы сомасы 525 миллиард теңгеден асатын қаражатты мемлекет пайдасына аудару және оны әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану жөніндегі келісімдер мақұлданды.

Мемлекетке қайтарылған қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылып қана қоймай, аталған қаржы есебінен бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы басталды.

Бұл жобалар қатарында:

  • - Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорт кешенінің құрылысы;
  • - Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы;
  • - Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығының құрылысын қаржыландыру жоспарланған.

Премьер-министрдің айтуынша, қайтарылған барлық қаражат халықтың игілігі үшін жұмсалуы тиіс, және биылғы жылы Комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 миллиард теңгеден асатын жобаларды мақұлдады. Бұл қаражат арқылы Қазақстанның әр өңірінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілері салынуда.

Бұған дейін Президент тапсырмасымен арнайы қордан бөлінген қаражат есебінен Ақмола облысы Зеренді ауылында спорт кешені мен Түркістан облысы Темірлан ауылында музыка мектебі салынған болатын.

Комиссияның жұмысы жалғасуда, алдағы уақытта да қайтарылған активтерді әлеуметтік жобаларға бағыттау жоспарланып отыр.