15 мам, 2024 сағат 16:23

Олжас Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Фото: премьер-министрдің ресми сайтынан

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, Макинск қаласындағы құс фабрикасының жұмысын көрді. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлайды.


Үкімет басшысы «Журавлевка-1» ЖШС-дегі егіс науқанының барысымен танысты. Қазіргі таңда шаруашылықта егістік кешені тұқыммен толтырылып, майлы дақылдарды егу жұмыстары басталды. Серіктестік – Бұланды ауданындағы жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Шаруашылық тұқыммен және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жаздық егіс алқабы 88 771 гектарды құрайды. Күнбағысқа баса көңіл бөлініп отыр: бұл дақылға шамамен 16 мың гектарға жуық жер бөлінді, оның 4 мыңға жуық гектарына тұқым себілді. Сонымен қатар биыл егістіктерде сұлы, бұршақ, зығыр және рапс өсіріледі. Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті: қазіргі уақытта 510 мың га алқапқа егін егілді.


Мұнда Үкімет басшысының назарына А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы селекция нәтижесінде алынған майлы, бұршақты, мал азықтық дақылдардың сұрыптары ұсынылды. Мекемеде барлығы 105 сұрып дайындалып, Қазақстанның мемлекеттік тізіліміне енгізілді, қазіргі таңда түпнұсқа тұқым өндірісі 18 дақыл, 50 сұрып бойынша жүргізілуде. Олжас Бектенов ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді қолдану қажеттігін атап өтті.