Жүзуден Олимпиада чемпионы қазақстандық Дмитрий Баландин Риодан Алматыға келді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, қазақстандықтар спортшыны салтанатты түрде әуежайда күтіп алды. Кездесуге қала әкімі Бауыржан Байбек те келді.
Сонымен қатар Риодан ұшып келген Олимпиада чемпионы өзінің Риодағы жеңісі жайлы, оны бірден сезінбегені жайлы айтып берді. "Суға сүңгіп кеткенде не болып жатқанын түсінбейсің. Сондықтан мен жеңіске жеткеніме ұзақ уақыт сенбей, кестеге қайта-қайта қарап, тексере бердім: "Қалайша мен жеңдім? Бұл қателік емес пе? Кейіннен ғана жеңгеніме сеніп, сіздерге осындай қуаныш пен мақтаныш сыйлағанымды түсіндім", - деді спортшы.
Сондай-ақ Баландин оның жеңіске жетуіне анасының көрсеткен қолдауы көмек болғанын айтты. "Ана - саған үнемі сенім білдіретін, қолдау көрсететін жан. Анама рақмет", - деді Дмитрий.
Спортшының айтуынша, жарыста үлкен бәсекелестік болғандықтан алтын медаль аламын деп ойламаған екен. "Елімнің туын осылайша жеңіске жету арқылы таныстыру - мен үшін үлкен құрмет. Бізге жанкүйер болған барлығына рақмет. Президентке алғыс айтамын. Ол еліміздегі спортты дамыту үшін барлық жағдайды жасады. Барлығымыз бірге осындай жеңіске жеткенімізге қуаныштымын! Рақмет!", - деді Олимпиада чемпионы.
Еске салайық, Баландин 2:07.46 уақыт нәтижесімен финалда сенсация жасап, Қазақстан тарихында жүзу спортынан тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанып отыр. Сонымен қатар, Баландиннің сенсациялық жеңісінің видеосы жария болды.