Әйгілі Рио Олимпиадасының чемпиондары Дмитрий Баландин мен Ниджат Рахимов Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы спорт командасының құрамына шақырылды.
Екі жүз метр қашықтыққа жүзуден олимпиаданың алтын жүлдегері Дмитрий Баландин мен зілтемірді жұлқи көтеруден өзіне 70 келі салмақта қарсыластарын шақ келтірмеген зілтемірші Ниджат Рахимов алдағы уақытта Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімі атынан «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының қатарында өнер көрсететін болады.
Аталмыш оқиға бүгін жас шақырылым жауынгерлерін Ұлттық ұлан қатарына әскерге салтанатты түрде шығарып салу кезінде болды. Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қалалық жинақтау пунктінің алаңында алғаш рет сап түзеген жүзге жуық күзгі шақырылым жауынгерлері қатарларына өздерімен бірге иық тірескен олимпиаданың қос тарланын көргенде ерекше сезімге бөленді.
Салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан ардагерлері отставкадағы генерал-майор Иван Комаров, отставкадағы полковник Геннадий Фалеев және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Ниязтай Әлкешев қатысып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жауынгерлердің алдағы әскери қызметтеріне сәттілік тілеп, әскери анттарына адал болуға шақырды.
Әскерилердің жалынды сөздерінен кейін жауынгерлердің арасынан саптық адыммен шыққан Дмитрий Баландин мен Ниджат Рахимов мінберге көтеріліп, жас сарбаздарға игі тілектерін білдіріп, ақ жол тіледі. Өз сөзінде Дмитрий Баландин: «Құрметті жас сарбаздар, ел қорғау қашан да абыройлы іс болған. Сіздерге Отанымыз үлкен жауапкершіліктер артуда. Өздеріңе міндеттелген тапсырмалар мен бұйрықтарды мінсіз орындап, әскери анттарыңа адал болыңдар. Әскери қызметтің қиындықтарына мойымай табандылықпен төтеп беретіндеріңе мен, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин кәміл сенемін!» – деп ағынан жарылды.
Іс-шара 5571 әскери бөлімі оркестрінің сүйемелдеуімен концерттік бағдарламаға ұласып, артынша жас сарбаздар Отан алдындағы Конституциялық борышын өтеу үшін теміржол вокзалына жол тартты.
Атап өткіміз келетіні, бүгін аттанған жас сарбаздар Астана қаласында өтетін саяси, спорттық-бұқаралық көлемді іс-шаралар кезінде, оның ішінде алдағы уақытта өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.
Бұндай кездесулердің басты мақсаты әскерге шақырушылардың жүректерінде Отан қорғауға деген патриоттық сезімдерін оятып, Отан алдындағы борышын адал өткеріп келуге жігерлендіру болып табылды.
"Ұлт ақпарат"