Денсаулық сақтау нысандарын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету проблемасын шешу қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елжан Амантайұлы, өңірлерден әріптестердің айтқан ұсыныстарын, әсіресе, Қырымбек Елеуұлының айтқан ұсыныстарын қарап шығыңыз. Егер біз талаптардың бәрін өңірлерге жіберетін болсақ, онда оларға да жұмыстарын одан ары жандандыру үшін қосымша тетіктер беруіміз қажет. Көрсеткіштер бойынша әкімдер баяндап өтті. Мәселен, өлім-жітімнің көбеюі қарттарға байланысты деп соларға ысыра салып отыру, былайша айтқанда, дұрыс емес. Біз өмір жасының ұзақтығын 73 жастан асырамыз деп отырмыз. Ал енді қарттарымыз көп, сол себептен осындай жағдай болып қалды дейміз. Бұл жұмысқа деген көзқарастың дұрыс еместігін көрсетіп отырғандай», - деді Премьер-Министр еліміздің Денсаулық сақтау министрі Біртановқа қарата.
Үкімет басшысы скрининг жасалған кезде көрсеткіштер көтерілетіндігін, бірақ, сол скрининг шығару арқылы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін баса айтты.
«Жаңа айтып өткендей, дәрілердің толыққанды жеткізілуі, медициналық құралдармен, кадрлармен толығымен қамтамасыз ету жұмыстарын Елжан Амантайұлы бір жүйеге келтіру қажет. Сол себептен әкімдерге бүгінгі айтылғандарды ескере отырып, жағдайды ретке келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жағдайын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету проблемасын шешу қажеттігіне назар аударды.
«Бұл жерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік сызбасын толыққанды пайдалану керек. Денсаулық сақтау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірге арнайы маман дәрігерлерді оқыту, емханалар мен ауруханаларды дәрігер кадрлармен қамту, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын қабылдасын», - деді ол.