Қазақстандық жеңілатлетші, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина спорттық жеке заттарын елордадағы Ұлттық музейге тарту етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ольга Шишигинаның сыйға тартқан жеке заттары ҚР Ұлттық музейінің «Асыл мұра» залынан орын алды. Олардың қатарында танымал спортшының 2000 жылы Сидней жазғы олимпиадасынан естелік заттары, сондай-ақ басқа да халықаралық спорттық жарыстарда жеңіп алған медальдар мен наградалары бар.
«Спорттағы жетістіктерімнің бір бөлігін музейге тапсыратын кез келді деп ойлаймын. Медальдар мен марапаттар үйде ғана сақталып тұрмай, музейде сақталғаны жөн шығар. Себебі менің жетістіктерім - ол елімнің жетістігі. Осы орайда ендігі уақытта музейге келушілер менің спорттағы жеңіп алған марапаттарымды өз көздерімен көре алады. Бұл заттар менің өмірімнің бір бөлігі десемде болады. Мұнда Кеңес Одағы заманынан күні кешеге дейінгі мен қатысқан жарыстардан естеліктер бар», - деді Ольга Шишигина.
Олимпиада чемпионы Ұлттық музейге барлығы 45 жеке затын сыйға тартты.
«Ольга Шишигина біз үшін спорттағы жарқын жеңістің символы. Жерлесіміздің Сидней Олимпиадасындағы жеңісі әлі күнге есімізде және ол спорт тарихында мәңгі қалады. Бұл кісі отанымыздың патриоты және спортпен қатар еліміздің дамуына да өз үлесін қосып келеді», - дейді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айта кетсек, аталған іс-шара «Ұлттық музейге сыйға тарту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Ондағы мақсат-елімізге және әлемге танымал тұлғаларға тиесілі құнды және естелік заттарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу.