16 қыр, 2024 сағат 16:20

Олаф Шольцтың Астанаға сапары: Қазақстан мен Германия қандай келісімдерге қол қояды?


Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстан мен Германия арасында алты келісімге қол қойылатын болады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Айта кетейік, Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ресми сапармен келген болатын. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Германияның Федералды канцлерімен қандай келісімдер жасалатыны туралы айтты.

«Бірінші, Алматы энергетика және байланыс университетінің негізінде атақты Анхальт университетінің филиалы ашылады.
Екінші, Ақтаудағы Есенов университетінің негізінде Берлин техникалық унивеситетінің филиалы ашылады.
Үшінші құжат, президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жанынан қазақ-неміс ғылыми орталығы ашылады. Бұл зерттеу институттары арасындағы жұмысты жүйеге келтіру мақсатында ашылады.
Төртінші, Өскемен қаласында ШҚО техникалық университетінде қазақ-неміс металлугрия және кен байыту саласында арнайы үлкен зерттеу орталығы ашылады. Оған бірнеше университет кіреді.
Бесіншісі, Еуразия Ұлттық университетінің негізінде неміс тілін үйрену орталығы ашылады. Бүгін ресми ашамыз. Соңғы жылдары неміс тілі  ұмытылып кетті, бұрын неміс тілі жақсы оқылған.
Соңғы келісімшарт – Алматыдағы Ұлттық аграрлық университет негізінде Су шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы ашылады. Қазір су мәселесі үлкен проблемаға айналуда», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.