14 қаң, 2020 сағат 08:18

Оқушылар арасындағы күш көрсету қала мектептерінде кең таралған

11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. Бұл әсіресе ұлдар арасында көп таралған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні буллинг - бүкіл әлем мектептерінде таралған құбылыстардың бірі. Буллинг (ағылшын тілінде bully - қорқыту) физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, қорлау дегенді де білдіреді. Теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін, мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл, сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу.

«2018 жылы ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ның «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» «Health behaviour in school-aged children» (HBSC) зерттеу тобы ғалымдары, жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерттеу үшін қазақстандық оқушылар арасында сауалнама жүргізді. Айта кету керек, мұндай көрсеткіштерді зерттеу тобы әр 4 жыл сайын жинайды және зерттейді» делінген хабарламада.

Мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізу барысында соңғы екі айда олардың буллингке/ кибербуллингке қаншалықты жиі қатысқаны немесе өздері оның құрбаны болған-болмағаны жайлы сұрақтар қойылды.

ҚДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының айтуынша, буллинг құрбандарының да, қатысушыларының да ілеспе және болашақта психикалық денсаулыққа байланысты проблемалары бар.

Белгілі болғандай, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17% мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған.

Буллингке ауыл балаларына қарағанда қала оқушылары жиі ұшырайды.

Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда азаяды.

11-15 жастағы жасөспірімдердің 20% мектепте басқа адамдардың буллингіне айына бір немесе бірнеше рет қатысқан. Осы мінез-құлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ер балалар арасында өте жоғары.

Сонымен қатар, жаңа технологиялардың дамуымен және әлеуметтік желілердің әсерінен буллингтің жаңа түрі - кибербуллинг пайда болды.

Кибербуллинг мысалдары: қорлайтын хабарламалар жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде елемеу пікірлерін жариялау, кемсіту фотосуреттерін орналастыру, сондай-ақ электрондық нысанда біреуді қорқыту.

Кибербуллинг депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау, эмоционалдық бұзылу, психобелсенді заттарды қолдану және суицидтік мінез-құлық сияқты ауыр проблемаларды дамытуға ықпал ете отырып, жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етеді.

11-15 жастағы жасөспірімдердің 12% кем дегенде бір рет немесе одан да көп мәрте кибербуллингке ұшыраған. Жасөспірімдердің 11% кем дегенде бір рет басқа адамдарды кибербуллинг құрбаны етуге қатысқан. Айта кетейік, мұндай мінез-құлық ұлдар арасында кең таралған.

Ғалымдардың пікірінше, буллингті мектеп деңгейінде төмендету шаралары буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізуді, ата-аналарды тартуды, тәртіптік әдістерді қолдануды, мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсартуды, балаларды қадағалауды қамтиды.

Ұлттық деңгейде кешенді стратегиялар мен алдын алу бағдарламалары, жоғары ақпараттандыру, сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды.

ҚДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының пікірнше, зорлық-зомбылықтың алдын алу және денсаулық сақтау қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсарту және зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заңдарды бағалау - буллинг пен кибербуллингке қарсы күрестің негізгі құрамдас бөлігі.