19 қаң, 2022 сағат 21:21

Оқушы саны аз мектептерге офлайн жұмыс істеуге рұқсат етілді

Фото: uralskweek.kz

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният соңғы аптада эпидемиологиялық ахуал орташа есеппен 5,6 есе нашарлай түскенін атап өтті. Сырқаттанушылықтың өсуі Қарағанды облысында – 28 есе, Алматы облысында – 11 есе, Атырау, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында – 9-9,5 есе. 

Вице-премьер инфекцияның таралуын тежеу үшін азаматтарды вакциналау және ревакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды. 

Сондай-ақ ведомствоаралық комиссия коронавирус инфекциясын емдеу үшін жаңа дәрілік препараттарды ерекше жағдайларда пайдалануды қолдады. 


ВАК талқылауының қорытындысы бойынша оқытудың штаттық форматына рұқсат беру ұсынылды: 

  • - мектепке дейінгі ұйымдарда – ата-аналардың өтініштері бойынша («қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарда); 
  • - оқушы саны 600-ге дейін (қоса алғанда) жалпы білім беретін мектептерде;
  • - оқушы саны 600-ден асатын жалпы білім беретін мектептерде – жобалық қуаттың 50% аспайтын жүктемемен; 
  • - жалпы білім беретін мектептерде – бастауыш 1-4 сыныптар (халықаралық мектептерде 5-6 сыныптарды қоса алғанда); 
  • - мектептен тыс ұйымдарда – жеке сабақтар, топтық сабақтар – 15 адамға дейін, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету кабинеттерінде (орталықтарында), ересектерде – жеке және топтық сабақтар – 8 адамға дейін; 
  • - колледждер мен жоғары оқу орындарында – аралас форматта: практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, өндірістік практика – икемді график бойынша штаттық режимде, дәрістер – онлайн. 

Кеңес барысында атап өтілгендей, орта білім беру ұйымдарында, колледждерде, жоғары оқу орындарында барлық білім алушыларды қашықтан оқыту форматына ауыстыру карантин режимін бұзушылықтар анықталған кезде қолданылатын болады. 

Кеңес соңында Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшыларына коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.