08 там, 2019 сағат 15:32

Аймағамбетов: Оқулықты асығыс дайындау – жүйелі проблемаға айналды

ҚР Білім және ғылым министрі оқулықтардағы қателерді талдап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Орыс әдебиеті» оқулығын парақтап көрейік. Қарапайым қателер. Физикадан да солай. Есептің көрсетілген жауабы теріс. Мысалы, мұнда 0,24 деп көрсетілген. Ал есепті дұрыс шешсеңіз 0,27 деген сан шығуы керек. География оқулығы да сондай. Карталар бойынша қателіктер бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мәтінді мағынасына қарамай сөзбе-сөз аудару көп кездеседі. Балалар сол қателік бойынша қатеге үйреніп жатыр деген сөз», - деді ведомство басшысы.

Министр орыс тілінен қазақшаға аударылған оқулықтардың сапасын да сынға алды.

«Мұндайға жол берілмеуі керек. Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл? Оқулықты асығыс дайындау деген жүйелі проблемаға айналды», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ол оқулық авторлары мен сарапшылары арнайы курстан өтетінін мәлім етті

«Жақсы мұғалімнің бәрі оқулық жаза алмайды. Оның өз заңдылықтары мен талаптары бар. Оқулық жазу мен монография жазу екі бөлек дүние. Осыны ескермегендіктен, біздің балаларға ұсынатын оқулықтарымыз монография сияқты болып кетіп жүр. Ондай оқулықты баланың түсінуі қиын. Сондықтан, оқулық авторларының өзін оқыту керек», - деді Асхат Аймағамбетов.

Әуелі оқулық сапасын сараптайтын мамандар оқытылатын болады. Сол үшін елдегі 1000 үздік мұғалім іріктеліп, арнайы курстан өтеді.

«Жыл сайын арнайы курстан өткен сарапшылардың ішінен үздіктері жасырын әдіс арқылы таңдап алынады. Осыдан кейін оқулық авторларын оқытамыз. Бізде авторлар көп емес, сонда да оқытамыз», - деді ведомство басшысы.

Асхат Аймағамбетов оқулықты сараптау жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

«Сарапшылар оқулықты бағалау үшін бас қалаға екі рет келеді. Әр келгенде бір апта ғана уақыт беріледі. Оларға үлкен оқулық ұстатады. Елордада отырып, бір аптаның ішінде оны сараптап шығу мүмкін емес. Оқулықты толық сараптау үшін суреттерін, карталарды, кестелерді, есептер мен оның шешу жолдарын, жалпы мазмұны мен пунктуациясын тексеріп шығу керек. Осының бәрін бір аптада тындыру қаншалықты мүмкін? Мұндай жүйе бізге ұнамайды. Сарапшылар оқулық сынақтан өтпей тұрып макетімен танысуы керек. Ол үшін арнайы электронды платформа құрылады. Сол арқылы ақпарат алмасып, жүйелі негізде жұмыс істейтін боламыз», - деді министр.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/ministr-okulyk-sarapshylary-kalay-iriktelu-kerektigin-aytty_a3554754