Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының басшылығына Марлен Айнабеков тағайындалды, деп деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Марлен Айнабеков бұған дейін министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген. Осы салада зор тәжірибесі бар.
«Инспекторлардың қаза болуына байланысты соңғы оқиғаларды ескере отырып, министрлік басшылығы жаңа басшыға инспекторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз аң аулағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша 28 қазандағы заңы аясында браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», - деп хабарлайды министрліктен.
Заң бойынша өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторларға браконьерлерді ұстауға, жеткізуге, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберуге және браконьерлік мақсатта пайдаланылған мүлікті тәркілеу бойынша өкілеттіктер беріледі. Браконьерліктен бөлек, инспекторға бағынбауға, оған зорлық-зомбылық пен өміріне қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.
«Браконьерлермен күресті күшейту мақсатында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-да материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ал жануарлар мен өсімдіктер әлемін мемлекеттік қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі инспекторларға арналған арнайы оқу бағдарламасын әзірледі. Сонымен қатар, инспекторлардың автокөліктері арнайы дыбыс қаққыштармен, дауыс зорайтқыш құрылғылармен және жасыл түсті графикалық белгілермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, табиғат қорғау қызметтерінің материалдық – техникалық базасын жақсарту мақсатында браконьерлікке қарсы күрес үшін қазіргі заманғы технологиялар мен құралдарды (ҰҰА, дрондар, төс камералары, арнайы техника, электрошокерлер, травматикалық қару, жеке қорғану құралдары және т.б.) енгізуді көздейтін жаңа нормативтер әзірленді», - делінген хабарламада.