15 қаз, 2019 сағат 10:38

Обырдан емделуден қорықпау керек – бас онколог

ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова обырдан емделуден қорықпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Емделгендердің көбі өзінің бастан өткерген проблемасын жария етуден бас тартады. Бізде оны «жаман ауру» дейді. Сонымен қатар, бұл ауруға шалдықса да, өзінің отбасына айтпайтын адамдар кездеседі. Адамдар статистиканы естіген кезде қатерлі ісік ауруына байланысты үрейлері арта түседі. Тексеруден барынша ерте өткен жағдайда ауруды жеңіп шығу мүмкіндігі зор. Сондықтан халық аурудан қорықпауы тиіс, өйткені елімізде обырдан емделудің тиісті мүмкіндіктері бар», - деді Қайдарова Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, 180 мың науқастың арасында 90 мыңы обырдан сауығып кетті. Алайда жыл сайынғы өлім-жітім 15 мыңға жуық.

«Толықтай сауығып кеткендер 52 пайыз деңгейінде, олар бұл ауруды жеңіп шыққан адамдар. Емделушілер бізде бес жыл және одан да артық мерзімде тіркеуде тұрады », - деді Д. Қайдарова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталды. Шараға 70 елден 350 делегат қатысып жатыр.