БҰҰ-ның Нью-Йоркте өтіп жатқан 74-ші Бас Ассамблеясы аясында Бас Ассамблеяның Төрағасының жетекшілгімен «Жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету: салауатты әлем құру бойынша бірлескен күш-жігер» мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі отырыс өтті.
Отырыста Жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамтуға арналған Саяси декларация қабылданды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министр Елжан Біртанов Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен сайд-ивентте «Жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету және тұрақты дамуға қол жеткізуге арналған медициналық-санитарлық алғашқы көмек» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға әлем елдерінен жүзден астам адам қатысты. Олардың ішінде халықаралық ұйымдардың көшбасшылары, БҰҰ-ға мүше елдердің денсаулық сақтау және сыртқы істер министрлері, ғалымдар, осы саладағы сарапшылар болды.
Отырыста ДДСҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фор, Халықаралық Электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь, АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрі Алекс Азар және Дүниежүзілік Банктің Денсаулық сақтау, тамақтану және халықты қоныстандыру мәселелері жөніндегі жаһандық секторының директоры Мухаммад Али Пате сөз сөйледі.
«Бүгін қабылданған ЖДСҚҚ (жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамтамыз ету) бойынша жаңа саяси декларацияда МСАК адамдардың дене және психикалық денсаулығын, әлеуметтік әл-ауқаттын жақсартатын инклюзивтік, тиімді және пәрменді тәсіл деп жазылған. Сонымен қатар, Алматы және Астана декларациясы бойынша МСАК жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету және тұрақты дамудың іргетасы»,-деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, министр Қазақстан Үкіметі үшін адамдардың денсаулығы ең жоғары ұлттық құндылық болып қала беретінін атап өтті.
Қазақстан Конституциясы барлық азаматтар мен елімізге келушілерге мемлекет қаржыландыратын тегін медициналық көмекке кепілдік береді. ЖДСҚҚ (жаппай денсаулық сақтау қызметімен қамтамыз ету) қосымша медициналық қызметтер арқылы одан әрі кеңейту мақсатында 2020 жылдың қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылады.
«Медициналық сақтандыру реформасы медициналық көмектің қолжетімді болуына, сапасының жақсаруына ықпал етеді және халықтың денсаулығына жұмсайтын шығынын екі есеге қысқартады. Осы реформа арқылы денсаулықты нығайтуға және ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік туады, ал азаматтардың өз денсаулығы үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттырамыз деп үміттенеміз», - деді Елжан Біртанов.