24 сәу, 2019 сағат 11:44

Нығматулин вице-министрді сынға алды

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасына сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін спортшылардың, жаттықтырушылардың жарыс ұйымдастырушыларының жазасын төмендету туралы өзгеріс енгізген ҚР Мәдениет және спорт министрлігін сынға алды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын қарау барысында депутат Зәуреш Аманжолова Мәдениет және спорт министрлігіне сауалын қойды.

«Соңғы уақытта қоғамның назары допинг, келісілген матчтар, жарыстардың тыйым салынған әдістері секілді спорт маңайындағы мәселелерге ауды. Осының бәрі әлемдік трендке сай белсенді түрде спорттан аластатылып жатыр. Бірақ Қазақстанда жағдай басқаша. Жақында ғана осы жерде Үкімет енгізген лас спорттың жолын жабуды көздейтін дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын қарадық. Онда спортшылардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ жарыс ұйымдастырушыларының жауапкершілігін қатаңдататын түзетулер енгізілді. Бүгін спортшылар мен жарыс ұйымдастырушыларын параға сатып алғаны үшін айыппұлды 200 АЕК-тан 100 АЕК-қа дейін төмендету, сондай-ақ осы құқықбұзушылық үшін әкімшілік қамақтан алып тастау туралы ұсынысын заңнамада қарастырып отырмыз. Бұдан бөлек заңсыз сыйақы берген адамның жауапкершілігі осы сыйақыны алған адамға қарағанда екі есе азаймақ. Менің сұрағым, қазіргі редакциядағы 174-бапты сақтап қалу қажет деп санамайсыз ба?», - деді Зәуреш Аманжолова. 

Әділет министрі Марат Бекетаев бұл бапты сақтап қалу қажет екенін және түзетуді өзі басқаратын министрлік енгізбегенін айтты. 

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов осы норманы заң жобасына енгізген адамды жауапқа тартатынын айтты.

«Еліміздегі спорт федерацияларының бірін (футбол федерациясы – авт.) басқарған адам ретінде бұл мәселені білемін. Бұл жас спортшыларға және жанкүйерлерге залалын тигізеді. Қазіргі Кодекстегі норманың сақталуын қолдаймыз. Министрлігімізде бұл норманы кім енгізгенін анықтап, жауапқа тартатын боламыз. Депутаттарға осындай мәселені айтқандары үшін алғыс айтамын. Жанкүйерлеріміз бен жас спортшыларымыздың алдында қызарғымыз келмейді. Бұл норманы қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет», - деді Қожағапанов. 

Мәжіліс спикері Нығматулин «әп-сәтте өзгеріп шыға келген» әріптесін сынға алды. 

«Мұны қашан жасағандарыңызды күніне дейін айтып бере аламын. Міне, кеше кешке жұмыс тобына келіп түскен хат. Енді кенет қамаққа алу мен қылмыстық жауапқа тартуға дейін қатаңдатуды сұрайсыздар. Бұл мәселені түсінетініңіз жақсы. Баяндағаныңыз дұрыс. Бір ай бұрын сізге бос мәлімдемеден іске көшу керек дедім. Бұл жәй айтылған сөз емес. Бүгінгі жағдай мұны растап отыр. Өкінішке қарай, министрлік басшылығы тек ресми айтады, ал бір айдан соң спорттағы жетістіктерге жетуде тыйым салынған әдістермен күресуге шақырады. Ал енді министрлік келісілген жеңістер, матчтар жауапкершілікті төмендету туралы заң жобасын алып келеді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин әріптестеріне бос әңгімеден іске көшетін кез келгенін айтты. 

«Сонда жүйелілік қайда? Спортық жетістіктердің тазалығы үшін күресетіндеріңіз қайда? «Қызарғымыз келмейді» деген нені білдіреді. Сіздерге, тіпті, осындай жұмыстарыңыз үшін ұят. Бір ай бұрын басқа позиция, енді басқа. Жұрт алдында тағы да айтамын, өкінішке қарай, тек ресми мәлімдейсіздер. Ал негізінде біз басқаны көріп отырмыз. Нақты позицияларыңыз болуы керек, түсініп тұрсыз ба? Тағы да қайталаймын, бос сөзді қояйық. Министрлік осы мәселеде іске көшетін кез келді», - деді ол.