14 қар, 2018 сағат 11:42

Нығматулин сұраққа жауап бере алмаған министрге ашуланды

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттың сауалына нақты жауап бермеген ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымоваға ашуланды. Оның сөзін бөліп, бірыңғай жиынтық төлем мен зейнетақыға қатысты кез келген сауалдың жауабы халық үшін маңызды екенін ескертті, деп хабарлайды  тілшісі.

"Заң жобасына сәйкес, қалада бірыңғай жиынтық төлем мөлшері 1 АЕК, ал ауылдық жерлерде 0,5 АЕК құрайды. Әрине, ауылдың қамын ойлап отырғандықтан осылай белгілегендеріңізді түсінеміз. Алайда бұл кейін зейнетақы мөлшеріне айтарлықтай әсер етіп жүрмей ме? Екіншіден, ауылда тіркелсе де, қалада жұмыс істеп жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді қанша көлемде төлейді? " — деп сұрады мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Мәдина Әбілқасымова АЕК мөлшерінің қанша теңге екеніне тоқталды. Яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 АЕК 2 525 теңгені құрайды. Сондай-ақ, ол АЕК мөлшері ауылдық жерлердегі азаматтардың табысын ескергендіктен осылай белгіленіп отырғанын түсіндіріп өтті.

"Қалада бірыңғай жиынтық төлемді фрилансер, такси жүргізушісі, үй шаруасында жұмыс істейтін немесе техниканы жөндеумен айналысатын азаматтар өз бетінше төлейді. Жеке кәсіпкер ретінде де тіркеліп төлеп жатады. Бұл нәрсе медициналық сақтандыру үшін де маңызды", — деді министр.

Министрдің сөзін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бөліп, депутат қойған сауалға нақты жауап беруін өтінді.

"Мәдина Ерасылқызы, депутат нақты, менің ойымша, өте өзекті сауал қойды. Мұны халық білуі керек. Ал сіз заң жобасының жалпы құрылымына кетіп қалып жатырсыз. Оны біледі екенсіз, көріп тұрмыз! Сұраққа жауап беріңізші. Бұл нәрсе ертеңгі күні қала мен ауыл тұрғындарының зейнетақысында айтарлықтай айырмашылық болады деген сөз бе? Егер азамат ауылда тіркелген болса және қалада жұмыс істесе, ол қай санатқа жатады? Қала ма? Ауыл ма? Сауал мен сіздің жауабыңыздың арасында айырмашылық көріп отырсыз ба? Біз сізден өтініп сұраймыз, нақты сұраққа нақты жауап беріңізші", — деп ашуланды мәжіліс төрағасы.

Еңбек министрінің айтуынша, азамат бірыңғай жиынтық төлемді қай жерге тіркелгеніне байланысты төлейді. Мысалы, қалада тұрып, ауылда тіркелген болса, ол бәрібір 0,5 АЕК мөлшерінде төлейді. Ал қай жерде тіркелгені ЖСН нөмірі бойынша анықталады.

"Зейнетақы мөлшері адамның өтіліне қарай анықталады. Яғни сомада айтарлықтай айырмашылық жоқ. Кімнің қанша алатыны өзіне байланысты. Сондай-ақ, жеке салымдары болса, бұл зейнетақы мөлшерін белгілейтін кезде міндетті түрде ескеріледі", — деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұл жолы мәжіліс төрағасы министрдің жауабына қанағаттанып, бірден осылай жауап беруі керектігін ескертті.