03 қаз, 2018 сағат 09:40

Нығматулин сарбаздарды тамақтандыру жөнінде: Сапаға назар аудару керек

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мектеп оқушылары мен сарбаздарды тамақтандыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Онда депутаттар әскери қызметшілердің тамақтануын қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның қолданылу аясынан шығаруға бағытталған түзету енгізген болатын. Оның орнына мұндай көрсетілетін қызметтерді қазір мектептерде оқушылардың тамақтануын қамтамасыз ету процесінде жасалып жатқандай, ерекше тәртіппен сатып алу ұсынылды.

Бұл тұрғыда Мәжіліс төрағасы бұл ұсыныстың әскери мекемелерге лайықты екенін атап өтті.

«Бірақта, бұл жерде бір үлкен мәселе бар. Ол демпинг мәселесі. Мысалы, тәжірибе көрсеткендей, бірқатар ауруханаларда, мектептерде осы демпинг бағамен алынған тамақтарда ешқандай сапа жоқ. Ертең әскери мекемелерде осындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан, осы мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әскери орындарға) ешқашан демпинг бағаға жол беруге болмайды», - деді Н. Нығматулин