01 нау, 2019 сағат 10:59

Нығматулин: Мәжіліс Елбасының әлеуметтік бастамаларын заңнамалық қолдауды қамтамасыз етеді

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Мәжіліс Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Онда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII Съезінде жариялаған маңызды бастамаларына айрықша назар аударылды.

Елбасының аз қамтылған тұрғындарды әлеуметтік қолдау, баспана мәселесін шешу, білім және денсаулық салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған ауқымды бастамаларына тоқталған Мәжіліс Төрағасы олардың барлығы қаржылық тұрғыдан да қолдау табатынын айтып, елімізде әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.

Осы орайда Палата Спикері депутаттық корпустың рөлі зор екенін алға тарта келіп: «Ең алдымен Президентіміздің «Нұр Отан» партиясының Съезінде берген барлық тапсырмаларын жедел әрі сапалы заңнамалық қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы Мәжіліс депутаттары, әсіресе, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға мониторинг жасау жұмыстарына белсене қатысуға тиіс екендігін атап өтті. Біз осы тапсырмаларды аталған бағдарламаларды орындауға жауапты құзырлы орган өкілдерін «Үкімет сағатында», сондай-ақ, Мәжіліске кірген саяси партиялар фракцияларының отырыстарында тыңдау арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» , - деді.

Мәжіліс Төрағасы ол отырыстар үкіметтік емес ұйым мүшелерінің, сарапшылардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілетінін айтты.

Сонымен қатар, Бюро отырысында Палатаның алдағы жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілетін мәселелер қатары талқыланды. Күн тәртібінің жобасына бірқатар ратификацияланатын құжаттар жобасы ұсынылды. Олар Қазақстан Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы келісім мен Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы келісімі. Бұдан басқа, Мәжіліс Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алатын болады.