10 қыр, 2019 сағат 12:28

Нұрымбетов Маңғыстау облысындағы ереуілге қатысты түсініктеме берді

"М-Техсервис" мұнай сервистік компаниясының жұмысшылары жалақыны 65%-ке көтеруді талап еткен. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жұмысшылар бес-алты күн бойы жалақыны 65 процентке өсіруді талап етіп отыр. Бастапқыда компания басшылығы айлықты көтеруге келіскен еді. Тиісті хаттама да толтырылды. Алайда, өкінішке қарай, қол қойылған жоқ. Қазір біз жергілікті еңбек инспекциясымен, облыс әкімімен бірлесіп осы мәселемен айналысып жатырмыз", - деді Нұрымбетов үкімет кулуарында.

Министр "М-Техсервис" жұмысшыларының жалақысы қанша деген сұраққа жауап беруге қиналды.

"Қазір сіздерге нақты айта алмаймын. Меніңше, шамамен 275 мың теңге. 200 жұмысшының өз жалақысына көңілі толмайды", - деді ол.

Оның айтуынша, "М-Техсервис" компаниясының бас кеңсесі Алматыда орналасқан. Қазір басшылықпен келіссөздер жүріп жатыр. Қызметкерлер жұмыс орнына оралған, алайда жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында дау-жанжал жалғасып жатыр.

"М-Техсервис" ЖШС жұмысшылары өткен аптада ереуілге шықты. Наразылық акциясы 5 қыркүйекте Бозащы және Жетібай мұнай кен орындарында болған. Барлық цехтың жұмысшылары сол күні жұмысқа шықпай қалды. Олар басшылықтан жалақыны көтеруді талап еткен.