"100 жаңа оқулық" жобасы аясында менеджмент пен кәсіпкерлікке арналған бірқатар құнды шығармалар қазақ тіліне аударылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кейбір кітаптардың тиімділігін ерекше атап өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Рикки Грифиннің "Менеджмент" атты кітабы мемлекеттік сектор үшін де, жеке сектор үшін де аса маңызды. Мәселенің бәрі менеджментте жатыр. Біз жекешелендіруді не үшін бастадық? Себебі мемлекет жақсы менеджер емес, басқара алмайды. Ал мемлекеттік қаражат болғаннан кейін менікі де емес, онікі де емес. Содан жемқорлық та, ұрлау да шығады. Егер өндіріс менікі болса, онда мен оны пайдалы қылуға, табыс табуға, өзімді өсіруге тырысамын ғой. Сондықтан менеджмент - қазір өте керек нәрсе", - деді Н.Назарбаев бүгін "100 жаңа оқулықтың" алғашқы сериясын таныстыру рәсімінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде жекешелендірудің екінші кезеңі аясында мемлекеттің қарамағындағы өндірістер жекеменшікке сатылып жатыр. Соның арқасында аталған кәсіпорындардың тиімділігі артады деген сенім бар. Ал мемлекеттің міндеті басқа.