Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметінің YouTube парақшасында «Штрихи к портрету» деректі фильмінің 1-ші сериясының толық нұсқасы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Штрихи к портрету» - Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұлғасының бұрын көрерменге белгісіз болып келген қырларын ашатын көпсериялы деректі фильм.
«Жыл сайын өзімнің туған жеріме барып тұрамын. Әкем мен анамның басына барамын. Үшқоңырға шығамын. Бүкіл ата-бабам Үшқоңыр жайлауында жатыр. Сол жерде отырамын да, қуат аламын. Мүмкін болса қымыз ішем. Мен үшін өмірімдегі ең рахат шағымның бірі бұл. Биыл сырқаттанып қалған кезімде сол жаққа арнайы барып, 10 шақты күндей сол жайлауда отырып, таза ауа жұтып, демалдым. Осылайша денсаулығым қалпына келді», - дейді деректі фильмде Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев тауда туып, тауда өскенін есіне алады.
«Сондықтан таулар мені өзіне тартып тұрады. Сол тауларда бір тылсым қуат бар. Балалық шағымның, жастық шағымның естелігі сонда. Таулардың өз кереметі бар. Үйреніп қалған адамды тау өзіне тартып тұрады. Ал даламыздың өз көркі бар. Далаға барсаң (елордада) аспан алып болып көрінеді. Ал Алматыда биік-биік таулардың өзі көкжиектерді жауып, аспанның өзі аса алып көрінбейді», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында деректің фильмнің бірінші сериясының толық нұсқасымен бөлісті.