Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мұнан бөлек, Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қазақстанға тікелей инвестиция салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісім, Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қорғас өзенінде Үшкірбұлақ бірлескен сел ұстайтын бөгет салу ынтымақтастық келісімі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың сапаны қадалағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын мұздатылған ұсақ мал етіне қойылатын инспекциялық карантин талаптары мен ветеринариялық-санитариялық талаптар жөніндегі хаттама, ҚР Қаржы министрлігі мен ҚХР Мемлекеттік салық әкімшілігі арасындағы салық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумы, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы суперкомпьютерлерді ұсыну жобасы жөніндегі ынтымақтастық меморандумы, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы зертханалық жабдықтарды ұсыну келісімі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР Сауда министрлігі арасындағы көліктік инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту меморандумы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен Қытайдың халықаралық саудаға қолғабыс көрсету комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы бірлескен кино өндірісі саласындағы ынтымақтастық келісімі, «Қазақстан» ТРК мен Қытайдың орталық телевидениесі арасындағы өзара түсінушілік және ынтымақтастық меморандумы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы мен Қытайдың қоғамдық академиясы арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастық келісімі рәсімделді.