15 қар, 2018 сағат 22:46

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарын құттықтады

Бүгін алғаш рет ұйымдастырылған «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында қорытынды жиын өтіп, делегаттар пленарлық отырысқа қатысты. Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасының құттықтау сөзін оқып, Мемлекет басшысының Форум қатысушыларына арнаған ыстық ықыласын жеткізді, деп хабарлайды аталған партияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, бастауыш ұйымдардың төрағалары, белсенді партия мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері мен Парламент депутаттары сөз алып, осындай ауқымды басқосудың маңызына тоқталып өтті. Одан бөлек, Форумда бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы мақұлданып, алдағы басым бағыттар анықталды және «Үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Елбасы өзінің құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі белесіне орай өткізіліп отырған Бастауыш партия ұйымдары бірінші форумының ашылуымен құттықтап, бұл айтулы оқиға партияның ең басты ресурсы оның мүшелері, яғни Отанымыздың дамуына, өркендеп, гүлдене түсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан қоғамның ең белсенді әрі жауапты өкілдері екенін көрсететінін атап өткен.

«Бүгінде біздің алдымызда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қатарына енгізетін жаңа даму моделін қалыптастыру міндеті тұр. Мен биылғы Жолдауымда еліміздің даму деңгейі әрбір азаматымыздың әл-ауқатымен өлшенетінін атап өттім. «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге әр қазақстандықтың мемлекеттің әлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін партиямыздың өзі де жетіліп, заманауи үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделгені жөн», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сондай-ақ партия Төрағасы Саяси кеңестің биылғы маусым айындағы кеңейтілген отырысында партияның жүйелі жаңғыру үдерісі басталғанына және оның басты бағыттарының бірі - бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру екеніне назар аударған.

«Бүгінгі басқосу партия қызметіне тың серпін беріп, жұмыс тәсілдерін жетілдіру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Тәжірибесі мол жергілікті саяси көшбасшылар жетекшілік етіп отырған бастауыш партия ұйымдары - кадрлық резервті қалыптастырудың негізгі көзі. Олар сондай-ақ азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық орнатудың да маңызды буыны болуға тиіс. Партиямыздың алдында тұрған жаңғыру үдерісін табысты жүзеге асыру - сіздердің күш-жігерлеріңізге тікелей байланысты. Баршаңызға ел игілігі мен халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында жаңа жетістіктер тілеймін», - делінген Елбасының құттықтауында.

Одан бөлек, жиында аталған Форумның партияның 20 жылдығына арналған шаралардың басы екені де айтылды.

- Өздеріңізге белгілі, келесі жылы партиямыздың мерейтойын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде біздің партиямыз еліміздегі жетекші саяси ұйым ретінде қалыптасу жолынан сүрінбей өтті. Партия негізі қаланған күннен бастап экономикалық, әлеуметтік және саяси саладағы Елбасы саясатының басты әрі негізгі орындаушысы болып келеді. Содан бері біз барша қазақстандықтарды Президент реформаларын қолдауға жұмылдырып, ауқымды жұмыстарды атқардық деп айтуға толық негіз бар. Бұл істе бастауыш ұйымдарымыздың маңызы зор. Партиямыздың негізін дәл осы сіздер, яғни бастауыш ұйымдар құрап отыр. Біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің барлығы сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі, - деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгінде «Нұр Отанның» 17 - аймақтық және 230 аумақтық филиалы мен 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп беру мақсатында Елбасы нақты мақсат-міндеттерді айқындап бергенін, оларды нәтижелі жүзеге асыру үшін алдымен партияның өзі ХХІ ғасырдың барлық талаптарына сай, тиімді, жоғары технологиялы, инновацияға бейім, бәсекеге қабілетті саяси ұйым болуы тиіс екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол осы мақсатта қолға алынған партия қызметін жаңғырту бастамасының алғашқы нәтижелеріне де назар аударды. Өткен маусым айында бастау алған партиялық жаңғыру аясында бүгінде елімізде жастарымыздың бағдарламалау, робот техникасы, 3D-модельдеу негіздерін жетік меңгеріп, осы салада терең білім алуына мүмкіндік беретін 761 ІТ-сынып ашылып, онда 22 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Оның тең жартысының ауыл-аймақтарда ашылуы көңіл қуантады.

Одан бөлек, партияның бастамасымен еліміз бойынша 24 ІТ-орталық ашылып, онда 1600-ден астам азамат жаңа технологиялар бойынша білім алды. Басқа партиялық жобалар бойынша да айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, ел көлемінде мектеп жанындағы 47 спорт алаңы жаңартылып, қайта жабдықталды. Кітапханалар базасында 120-ға жуық заманауи білім орталығы ашылды. Соның ішінде ауылдық жерлердегі кітапханаларды да ерекше атап өткен жөн. Жасотандық еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету үшін белсенді жұмыс істеуде. Мектеп асханаларын жаңғырту жобасы бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.


- Бұл жобалардың бәрі - Елбасымыздың интеллектуалды, дені сау және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы игі бастамаларының лайықты жалғасы және ажырамас бір бөлігі, - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның Орталық аппараты мен барлық филиалдарының және бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған басым бағыттарға тоқталып өтті.

- Біріншіден, Елбасы Жолдауының стратегиялық маңызын ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы оның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналуы тиіс. Осы бағытта қоғамдық бақылау жұмыстарын күшейтіп, оның мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізуде белсенді әрекет етуіміз керек. Екіншіден, партияның кадрлық әлеуетін арттыру үшін бастауыш ұйымдардың белсенді мүшелері мен көшбасшыларының біліктілігін молынан пайдалануымыз керек. Партияның кадрлық резервін қалыптастыруда осы мәселені міндетті түрде ескерген жөн. Үшіншіден, бастауыш ұйымдарымыздың халықпен жұмыс тиімділігін одан әрі арттыру қажет. Ол үшін жетекшілердің өздері саяси тәжірибеге бай, идеология, менеджмент, психология сияқты салаларда сауатты болуы тиіс. Төртіншіден, бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейту керек. Бесіншіден, партия жұмысында цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, «Цифрлы партия» жобасын жүзеге асыруда белсенді әрекет етуге тиіспіз. Алтыншыдан, белсенді азаматтар мен жастарды жұмылдыру арқылы партия жұмысын күшейтудің маңызы зор, - деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы басымдықтарды жүзеге асыру үшін барлық партия филиалдарының бастауыш ұйымдарға қолдау көрсетуін міндеттеп, алдағы уақытта бұл әрекет олардың жұмыс тиімділігін бағалауда ескерілетінін жеткізді.

Ерекше атап өтер жайт, Елбасы, партия Төрағасының бастамасымен бұдан былай бастауыш партия ұйымдарының Форумы дәстүрге айналып, екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болды. Бұл партия жұмысына қатысты кез келген мәселені талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін жаңа алаң болмақ.

Іс-шара барысында Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Нұртай Сабильянов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова сөз алып, өз тараптарында атқарылған жұмыстар жайын баяндап берді.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру бағытында қолға алынған нақты жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті. Белсенді партия мүшелері мен әр өңірден келген бастауыш партия ұйымдарының басшылары да көтерілген мәселеге қатысты өзекті пікірлері мен ұтымды ойларын жеткізді.

Барлық ұсыныстар жиын кезінде қатысушылар тарапынан қолдап тапқан Бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасында ескерілетін болады. Аталған тұжырымдамада ағымдағы жағдай мен бастауыш партия ұйымдарының даму барысы жан-жақты талданған. Сондай-ақ саяси партиялардың бастауыш ұйымдарының жұмысын ұйымдастырудағы халықаралық тәжірибелерге де назар аударылған. Ең бастысы, бұл құжатта бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру, сапалы партиялық актив пен кәсіби кадрлық резерв қалыптастыру, өзекті мәселелерді анықтау технологиялары мен оларды шешудің тиімді тетіктері, цифрлы технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық жұмысты жандандыру және бастауыш ұйымдардың басқару жүйесінде жаңа жұмыс форматтарын енгізудің ұтымды жолдары айқын көрсетілген.

Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Айта кетейік, кеше Форумның бірінші жұмыс күнінде түрлі тақырыпта панельді сессиялар өтіп, партиялық жұмыстың халықаралық тәжірибесі, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жұмыстың заманауи технологиялары, партиялық кадрлық резерв қалыптастыру, бастауыш ұйым жұмысын бағалау жүйесі және тағы басқа да көптеген мәселелер талқыланды.