09 ақп, 2018 сағат 10:54

Қажет кезде қарыз алатын мүмкіншілік болуы қажет - Назарбаев

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министріне мемлекеттік қарызды азайтуды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа аталған бағыттағы жұмыстарды бақылауға алуды жүктеді.

"Мемлекеттік қарызды бір деңгейде ұстау керек. Ұлғайтпай, керісінше қалай кемітуді ойластырып отыру керек. Әр түрлі жағдайлар болады, сондықтан кең болуға тиіспіз. Қажет кезде қарыз алатын мүмкіншілік болуы қажет. Кейінгі кезде біз құрылысқа, жолдарға, үй салуға көбірек алып жібердік",  — деген президент премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа бақылауға алуды тасырды. 

Отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру барысын баяндады. Өткен жылы 289 объектінің 190-ы 108 миллиард теңгеге сатылған. 

"Қаржыны бюджетке ме, әлде Ұлттық қорға жіберіп жатырсыздар ма?", — деп сұрады Назарбаев. 

"Ұлттық қорға 7,4 миллиард теңге салдық. Биылғы жылы екі айдың ішінде 7,3 миллиард теңге жіберілетін болады. Бұл былтыр желтоқсанда сатылған объектілерден түскен қаражат", — деп жауап берген министрге мемлекет басшысы мұның дұрыстығын айтты. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен ел Үкіметінің кеңейтілген мәжілісі өтіп жатыр.   Отырыс барысында Үкімет басшысының, бірқатар министрлердің, облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.