Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындары қазақ елі үшін олжалы болды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХХІ жазғы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдергерлеріне құрмет көрсету салтанатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Барша Қазақстан халқын Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиададағы жарқын жеңіспен құттықтаймын. Біздің саңлақ спортшыларымыз төрт жылда бір келетін дүбірлі додада ел сенімін абыроймен қорғады. Біздің әнұранымыздың «алтын күн аспаны» деп басталуының өзіндік символдық мәні бар. Бразилия аспанында көк байрағымыз үш мәрте барлық мемлекеттерден биік көтеріліп, әнұранымыз үш рет шырқалды», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы спортшылардың 17 медальге ие болғандығын ерекше атап өтті.
«Тәуелсіздік тарихының алтыншы Олимпиадасында қазақ елі 17 медальге ие болды. Бұл жаһандық жарыс біздің тарихымыздағы ең олжалысы болды. Бұл спортшылардың Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі белесіне қосқан толасты табысы деп білеміз. Біздің спортымыз әлемдік бәсекеге қабілетті екенін көрсеттік», - деп толықтырды Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Рио Олимпиадасындағы жетістіктер жасөспірімдердің көптеп спортқа келуіне себеп болатындығын жеткізді.
«Рио-де-Жанейродағы жарқын жеңістер жастардың жігерін жанып, жаңа биіктерге жетелеп, көптеген жасөспірімдердің спортқа ынтасын арттырады. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, миллиондаған жастың спортқа құлшынысын арттырды деп білемін. Асқақ армандарға бірге ұмтылған, тілегі ортақ, мақсаты бір, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі одан әрі нығая түссін», - деп түйіндеді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.
Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Жалпы командалық есепте қазақ елі 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд жаңартты.
Бұған дейін еліміз Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Бейжіңде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатын. Ал осы жолы ұлттық құрама 17 жүлдені жеңіп алды.
Рио-Олимпиадасында спортшыларымыз Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов және Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.