Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндияға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Хельсинкиден.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуі, сондай-ақ Финляндияның іскер топтар өкілдерінің форумына қатысуы жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бұған дейін 2009 жылдың наурызында Финляндияға мемлекеттік сапар жасаған болатын. Мұнан бөлек Елбасы фин басшысымен Петербор халықаралық форумы, БҰҰ Бас Ассамлеясының 66-сессиясы және Сеул, Гаага, Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттер алаңында кездескен еді. Финляндия президенттері Қазақстанда бес мәрте болды. Соңғы рет аталған елдің қазіргі Президенті С.Ниинистё 2017 жылдың маусымында елордаға жұмыс сапарымен келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Финляндияның Ұлттық күні шарасына қатысқан еді.
Қазақстан мен Финляндия арасындағы сыртқы тауар айналымы өткен жылы 307,9 млн долларды құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,9 пайыз өсім көрсеткен еді. Ал осы жылдың қаңтар-шілде арасындағы тауар айналымы 160 млн долларды құрады. Соңғы 13 жылда Финляндия Қазақстанға 334 млн доллар тікелей инвестиция салды. Бүгінде елімізде фин капиталының қатысумен елуден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қазақстан-фин сауда-экономикалық ынтымақтастығы химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, құрылыс материалдары, жоғары технологиялы бояулар сынды салаларда жолға қойылған.