19 қаз, 2018 сағат 15:00

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында капсулды қонақ үй ашылды

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында футуристік стильдегі «Caps Lock» капсулды қонақ үйі ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жапон технологиясы бойынша әзірленген соңғы үлгідегі капсулды қонақ үйде жуынып, шайынып, ұйықтап тынығу үшін барлық жағдай жасалған.


Ең алғаш Жапонияда пайда болған капсулды қонақ үй туристер арасында кеңінен танымал. Қазақстандағы әуежайлар ішінде капсулды қонақ үй алғаш рет Астанада іске қосылды. Қонақтардың осы жерде еркін демалуы үшін smart-TV, жеке сейф, түрлі түсті LED жарықтары, «розеткалар», USB жүйесі, оқуға арналған үстел, желдеткіш, ауа баптағыш, өртке қарсы жүйе, оятқыш және ең бастысы таза төсеніштері мен жеке гигиеналық құралдары бар ортопедиялық төсек қойылған.

Қонақ үйде барлығы келушілерге берілетін магниттік SMART карта арқылы басқарылады. Келушілер қолдарына берілетін планшет арқылы өздеріне қажет рейстерді Оnline режимде біліп отырады. Қонақүй 10 адамға арналған.


Бүгінде мұндай тынығу орындары әлемнің көптеген қалаларында, атап айтқанда, Дубай, Атланта (АҚШ), Филадельфия (АҚШ), Мюнхен (Германия), Лондон (Ұлыбритания), Амстердам (Нидерланды), Токио (Жапония), Мехико (Мексика) әуежайларында бар.