19 қар, 2018 сағат 12:34

Биыл 528 шақырым жол пайдалануға беріледі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін барлық қаржы көздерінен 792 млрд теңгені қарастырылған.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов биылғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 411 млрд теңге немесе қаржының 52%-ның игерілгенін айтты. Бұл — барлық қаржы көздерінен қарастырылған қаражат. Республикалық бюджеттің игерілу көрсеткіші жоғары — 76%. Республикалық бюджеттен 439 млрд теңге қарастырылған, оның 335 млрд теңгесі немесе 76% игерілген. Игеру қаржылық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қазір 25 автожол жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы 4,6 мың км жол салынып және қайта жөндеуден өткізу жоспарда, жыл соңында 528 км жол пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 805 км теміржол күрделі жөндеуден өтті», — дейді ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов.

Энергетикалық инфрақұрылым бойынша «KEGOC» АҚ өз қаражаты мен қарыз есебінен «500 кВ Шүлбі СЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» жобасының екінші кезеңін іске асырып жатыр. Жыл соңына дейін жоба толық аяқталады.

Сонымен қатар, осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар қаржыландыру жоспарына сәйкес, табиғи монополиялар субъектілеріне 35,2 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік несие берді. 2018–2019 жылдарға жоспарланған 290,6 км желінің 118,4 км салынды. Халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды бірлесіп қаржыландыру бойынша 12,1 млрд теңге қарастырылған болатын, оның ішінде бүгінде 3 млрд теңгесі немесе 25%-ы игерілді.

Р. Дәленовтың айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп қаржыландыру есебінен төрт жоба іске асырылып жатыр: ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, тұрақты даму мен өсуді ынталандыру аясында бағдарламалық жобаларды іске асыру, өнімді инновацияларды ынталандыру, Қазақстанның орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған жобаларды іске асыру.

792 млрд теңгенің 60% республикалық бюджет есебінен қарастырылған. Қаражат жыл соңына дейін 100% игерілетін болады. 45 млрд теңге жергілікті бюджет, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жеке инвестициялар есебінен болса, 206 млрд теңге ҚТЖ-ның көлік-логистика орталықтарының құрылысына келеді. Қаражат 2019 жылы толық игерілмек.

Өз кезегінде қаржы министрі Әлихан Смайылов 2018 жылғы республикалық бюджетте қарастырылған 439 млрд теңгеден 330 млрд теңгесі орталық мемлекеттік органдарға, 109 млрд теңгесі өңірлерге берілгенін, оның ішінде мақсатты трансферттер 73 млрд теңге және бюджеттік несилер 36 млрд теңге.

«10 айдың қортындысы бойынша республикалық деңгейде 335 млрд.теңге игерілді. Бюджетті нақтылауды ескере отырып, жыл соңына дейін орталық мемлекеттік органдармен 89 млрд теңге игеруі қажет», — деді қаржы министрі.

Оның айтуынша, Қазақстанның заманауи көліктік инфрақұрылымын қалыптастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін жаңғырту бағыттары бойынша мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржылар есепті кезеңде толық игерілді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша өңірлерге 93 млрд теңге мақсатты трансфертер мен несиелер бөлінді. Осы соманың 91 млрд теңгесі, яғни бөлінген қаражаттың 98%-і игерілді. Жыл соңына дейін өңірлер 18 млрд теңге қаражатты игеруі қажет.

«Жергілікті атқарушы органдар 98 млрд.теңгеге міндеттемелер қабылдады. Бұл жылдық жоспардың 90%-ін құрайды. 1,8 млрд теңге атқарылмады, оның ішінде: 0,2 млрд теңге – бюджет қаражатын үнемдеу. Игерілмеген 1,6 млрд теңге көлiк инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға берiлетiн ағымдағы мақсатты трансферттер және көлік инфрақұрылымын дамыту шығыстары бойынша қалыптасты», — деді Ә. Смайылов.

Қаржы министрінің айтуынша, республикалық бюджетті нақтылау барысында жалпы Мемлекеттік бағдарлама бойынша 37,5 млрд теңгеге тәуекелдер анықталып, олар қысқартылды.

«Жыл соңына дейін орталық және жергілікті органдардың мәліметтеріне сәйкес, Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаражатты толық игерілу күтілуде. Есепті кезеңде 18 аудиторлық іс-шара іске асырылды, 37,4 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды», — деп хабарлады Ә. Смайылов.

Автожолдардың сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Е. Қизатов мәлімдеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастаған уақыттан бері 807 млрд теңге бөлінген.  

«Бөлінген қаражатттар есебінен 1004 км пайдалануға берілді. Биыл 19 жобаның (3471 км) жұмыстары жүргізілуде, оның 13 жобасы – республикалық бюджет есебінен, 6 жобасы – қарыз қаражаты есебінен. Осы жылдың соңына дейін 426 км пайдалануға беріп, тағы 453 км қозғалысты ашу көзделген», — деді Е. Қизатов.  

Қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі көлік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда жол салу бағыты бойынша республикалық бюджеттен қаражат бөлінген, оның игерілуі қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қосымша облысаралық жолдар құрылысы басталды. Мемлекеттік бағдарламада қарастырылған барлық шаралар уақытылы іске асырылатын болады.

Бақытжан Сағынтаев министрлер мен өңірлердің әкімдерінің назарын тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне аударды. Бұған қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы биыл 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген болатын. Қазіргі кезде желілердің тозуы 60%-дан 57%-ға дейін төмендетілді. Дегенмен, ТКШ нысандарын жаңғыртуға бөлінген қаражат мақсатты пайдалануы тиіс. Үкімет тарапынан қосымша шаралар қабылданып жатыр. Барлық мемлекеттік органдар аталған мәселені қатаң бақылауға алуы керек.