31 қаз, 2016 сағат 16:22

«Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі мақсаты қандай?

«SarapTime» сараптау клубының кезекті отырысы өтіп, онда «Нұрлы жер» - мемлекеттің жаңа тұрғын үй саясаты бағдарламасы талқыланған еді.

Отырыс барысында сөз алған «Қазақстан құрылысшылар Ассоциацясы» төрағасының міндетін атқарушы Марат Ыдырысов «Нұрлы жер» бағдарламасының мақсаты жайлы өз ойын айта келіп, «егер бұл бағдарлама экономикаға серпін беретін болса, одан нақты қандай нәтиже күтеміз, ол экономикаға нендей серпін алып келеді деген сауалдар туындайды. Және бұл бағдарлама арқылы елдегі құрылыс саласының нақты қанша пайызға өсуі жоспарланатынын да бағдарламаның концепциясынан көре алмадым» деді.

Сондай-ақ, ол: «Концепциямен танысып шыққанда бұл бағдарламаның нақты мақсатын түсіне алмадым. Елде 1,5 миллион тұрғын үй салу делінеді. Меніңше, бұл бағдарламаның үш мақсаты болуы керек. Біріншіден, азаматтардың хал-аухалын көтеру. Бұл – қолжетімді баспананың болуы деген сөз. Екіншіден, бұл бағдарламаға құрылыс компанияларының қатысу және оларды қолдау мәселесі. Бұл – құрылыс материалдардың сапасы, жұмыстың уақытында орындалуы, салынатын үйдің сапасына тікелей қатысты нәрсе. Сондықтан да маңыздылығы жоғары. Үшіншіден, бағдарлама жылжымайтын мүлік саласындағы саудаға, операцияларға серпін береді. Қазіргі статистикаға қарасақ, рейтингі жағынан ең жоғары тұрған ол - жылжымайтын мүлік операцияларын жасайтын ұйымдар. Міне, осындай үш мәселені бағдарламада кеңінен әрі нақтылау қажет деп ойлаймын. Ең жақсысы, бұл бағдарлама Қызылорда облысы әкімшілігі жасаған, инфроқұрылымын жүргізілген жер телімдерін 6600 адамға беру жұмысы үлгі ретінде алуына әбден болады. Бұл – бағдарламаның болашағының нақты көрінісі деуге болады» деді.

Естеріңізге сала кетейік, «SarapTime» сараптау клубы сарапшылардың, депутаттар ме министрлік өкілдерінің және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасын талқыға салып, бағдарлама концепциясын жасаушыларға кеңестер берген болатын.