13 нау, 2018 сағат 09:33

«Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі - Қасымбек

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістердің енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға байланысты тұрғын үй жинақ жүйесіне өзгеріс енгізуге тура келеді.

«Ұлттық банк әзірлеген меxанизмдерді есепке ала отырып, сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістерді енгіземіз. Аталған өзгерістер «7-20-25» бағдарламасының нормаларын тиімді іске асыруға ықпал ететін болады. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің заемдарын беру талаптары қайта қаралады», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, құрылыс алаңдарына инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға жыл сайын бөлінетін қаржыны 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

Айта кетейік, отырыста Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жобасын таныстырды. Бас банкир 7 пайыздық ипотеканың басты талабын да жариялады.