06 қар, 2018 сағат 15:08

Нұрлы жер: 2018 жылы 9,5 мыңға жуық отбасы баспаналы болды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының осы жылдың тоғыз айында жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқасында 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға артық.

«77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қаржы есебінен салынған баспанаға қол жеткізді», — дейді ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек.

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ға артып, 818,9 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне жеке инвестициялардан 8 теңге салынды. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жағынан Астана (1,8 млн м2), Алматы (1,3 млн м2) қалалары мен Маңғыстау облысы (910,5 мың м2) көш бастап тұр.

«Биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосуды жоспарлап отырмыз, оның 1,3 млн м2 немесе 22 мың пәтері мемлекеттік инвестициялар аясында жүзеге асырылады», — деп атап өтті Ж. Қасымбек өз баяндамасында.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысы аумағына инженерлік коммуникацияларды жеткізу үшін 44,6 млрд теңге аударылған, оның 40,8 млрд теңгесі немесе 91,7% игерілді. 500 км инженерлік желі салынды.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек бағдарламаның бөлек бағыттарының қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады.

Биыл «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша 3470 пәтер салу жоспарлануда.

«Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, жалға берілетін 1176 пәтер тапсырылды. Бөлінген 26,9 млрд теңгенің өңірлерге 21,3 млрд теңгесі жетті. Оның 20,1 млрд теңгесі немесе 96,7%-ы игерілді. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз»,— деді министр.

«Несиелік тұрғын үй құрылысы» атты екінші бағытқа облигациялық қарыздың бір бөлігі ретінде 2 жыл сайын айналымға 207 млрд теңге бағытталады. Ж. Қасымбектің айтуынша, аталған бағытты іске асыру үшін Ұлттық қордан Бәйтерек холдингі арқылы 2016 жылы әкімдіктерге 67 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдан бастап әкімдіктерге Бәйтерек холдингі мен Самұрық-Қазына қорынан бөлінген қосымша қаражаттар қайта бағытталды. Биыл министрлік 141 жобаны іске асыру үшін әкімдіктерге 100,9 млрд теңге қаржы беруді жоспарлап отыр. Бұл қаражат 9793 пәтердің құрылысына жұмсалады. 2018 жылдың 5-қарашасындағы есеп бойынша, әкімдіктер 93 млрд теңге тартқан. 180,5 мың м2 тұрғын үй немесе 3096 пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 6697 пәтер халық игілігіне беріледі.

«Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты аясында биыл шамамен 40 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта шамамен 16,5 мың жер телімі берілген.

«Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру» төртінші бағытын іске асыру операторы — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Қор деректеріне сәйкес, құрылыс салушыларға субсидияланатын несиелерді беру жоспары 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысына шаққанда 152 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жеке құрылыс салушылар 138,5 мың ш.м. тұрғын үйді пайдалануға берген. Жалпы, Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері банктер 67,2 млрд теңге сомасына несиелер сомасына 77 жобаны мақұлдаған, оның ішінде 42,9 млрд теңгеге субсидиялау бойынша 46 келісімшарт жасалған.

Бесінші «Квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй салу» бағыты бойынша Ж. Қасымбектің айтуынша, бұрын басталған жобалар бойынша тұрғын үй құрылысын аяқтау қарастырылған. «Байтерек девелопмент» АҚ 2016 ж. Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен 95,6 млрд теңгеге келісімшарт жасалды, 93,5 млрд теңге немесе 97,8% игерілді.

«Бүгінде 578,4 мың ш.м. немесе 9669 пәтер пайдалануға берілген. “Самұрық-Қазына” қоры 2016 жылы бөлінген 97 млрд теңгеден 75,9 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй құрылысына келісімшарттар жасасқан. Жыл соңына дейін “Самұрық-Қазына” қалған 50,3 млрд теңгені қайтаруы тиіс. Бұл қаражатты жергілікті атқарушы органдар несиеге берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға жұмсайды», — деді министр Ж. Касымбек.

Бүгінде Қор құрылыс салушыларға 68,8 млрд теңге (96,9%) аударды, 162,7 мың ш.м. коммерциялық тұрғын үй енгізілді. Тапсырылған тұрғын үйден басқа, 22 мың тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған (оның ішінде мемлекеттік инвестициялар аясында 13 133 пәтер бар).

«Жалпы, тұрғын үй құрылысы мен қаражаттың игерілуі тұрақты бақылауға алынған. Тұрғын үй құрылысы белсенді дамып жатыр, бұл азаматтардың тұрғын үй жағдайларының біршама жақсаруына, құрылыстың өсу қарқынының артуына, сонымен қатар кәсіпкерлік бастамалардың дамуына септігін тигізеді», — деп түйіндеді Ж. Қасымбек.

«Бәйтерек» ҰБХ АҚ төрағасы А. Әріпханов «Байтерек девелопмент» АҚ желісі бойынша 2016 ж. бөлінген 113 млрд теңгеден 95,6 млрд теңгеге келісімшарттар жасалғанын айтты, а.ж. 1 қазандағы жағдай бойынша 94,9 млрд теңге немесе 99,2% игерілген. 2018 жылы жоспарда 34 мың ш.м., 24,9 мың ш.м. немесе 73% салынған. Қосымша 2018 жылдың соңына дейін 9,9 мың ш.м. тұрғын үй тапсырылады.

Өз кезегінде Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі өз салымшылары үшін сұраныс пен салынған тұрғын үйді сатуды ынталандырады. Жылдық жоспар — 270 млрд теңге, тұрғындарға 274 млрд теңге сомасына 30 мың жеңілдікпен займ берілген. Қазіргі таңда Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесі бойынша 568 млрд теңге жинақтау сомасымен 1,2 млн келісімшарт жасалған.

«Тұрғын үй құрылысы жинақтарын одан әрі ынталандыру үшін онлайн-банкинг жүйесі және BASPANA.KZ жылжымайтын мүлік интернет-порталы белсене дамып жатыр. Портал платформасында барлық салымшылар, құрылыс салушылар мен мемлекеттік органдар біріктірілген. Енді қазақстандықтар “Нұрлы жер” бағдарламасының қызметтері бойынша онлайн-кеңес, дайын болған және салынып жатқан нысандар, бір шаршы метрінің құны және банк өнімдері туралы ақпаратты ала алады. Бүгінде портал арқылы тұрғындарға бекітілген баға бойынша 80 млрд теңгеге 11 мың пәтер сатылған», — деді А. Әріпханов.

Өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Алматы қаласының әкімі Б. Бәйбек пен Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов баяндады.