02 қар, 2018 сағат 12:35

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің Бюро отырысын өткізді

Бүгін палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің Бюро отырысы өтіп, жалпы отырыста талқыланатын мәселелер айқындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібінің жобасына депутаттардың назарына денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заң  жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Заң жобасы медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, донор және трансплантациялау институтын дамыту, медициналық білім беру жүйесін жетілдіру және медицина кадрларын даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралатын болады.

Дайындалған заң жобасы аясында индустриялық аймақтар үшін заңнамалық базаның жоқтығына байланысты олардың қызметі реттеліп,  осы саладағы уәкілетті орган анықталады.

Бұған қоса, қолданыстағы заңнаманы ЕАЭО заңнамасына сәйкес келтіру көзделген.

Күн тәртібінде Палатаға бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеу бойынша заң жобалары ұсынылды.

Олардың қатарына Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметтері арасындағы ҚХР жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасы және Қазақстан мен Ресей Федерациясының  Үкіметтері арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.