16 нау, 2021 сағат 08:42

Нұрлан Ноғаев мұнай-газ химияны дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынды

Мұнай-газ химияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жобаны әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында іске асырылып жатқан мұнай-газ химия өндірістерін жеделдету жөнінде іс-шаралар қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Осы мәселені шешудің мынадай жолдары ұсынылады. Біріншіден - мұнай-газ химияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жобаны әзірлеу. Бұл проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға, атап айтқанда мұнай-газ химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге; мұнай-газ химия кластерін құруға; қайта өңдеуді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған Нұрлан Ноғаев. 

Оның айтуынша, екіншіден, Үкімет пен инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық іс-шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу қажет.

«Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнай-газ химия өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астамды құрайды. Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі, яғни қарыз қаражаты және шетелдік инвесторлардың қаражаты) шамамен 3,9 млрд АҚШ долларын құрайтын болады», - деді ол.

Министр дерегінше, құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады.

«Бұл ретте сарапшылардың бағалауы бойынша мұнай-газ химия саласында 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында қосымша 3 жұмыс орнын құрады», - деді Нұрлан Ноғаев.