08 ақп, 2020 сағат 18:35

Нұрлан Дулатбеков: Сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды, соны есте сақтау керек

Бір-бірімізге сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков осыны есте сақтау керектігін айтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтып, жарақат алған бауырларымыздың тезірек жазылып кетуін тілеймін. Шынында да, бұл бізге елімізге, менталитетімізге келмейтін жағдай екен. Сабырға шақыру керек. Біздің үлкен жетістігіміз – өзара татулық, бір-бірімізге деген мейірім. Қаншама жыл бойы көрші елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз ғой. Береке-бірлімігізбен мақтанамыз. Сол себепті осындай сыни кезеңде әрқашан сабыр ақтау керек», - деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда қаншама ұлт өкілдері бірлікте өмір сүріп жатыр.

«Олардың барлығы да біздің елдің, елбасшыларының алға қойған міндеттерін жүзеге асырып, ортақ мақсатқа ұмтылып, соған жұмыс істеуі керек. Бір-бірімізге сенім бар кезде ғана мемлекет дамиды. Біз соны есте сақтауға тиіспіз», - деді Нұрлан Дулатбеков.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.