Қазақстандық балуан Нұрислам Санаев Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Отандасымыз финалда ресейлік балуан Заур Угуевке 4:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды Massaget порталы.
57 килограммға дейінгі салмақтағы балуандар бәсекесінде Нұрислам барын салды. Тек соңғы сәтте төрешілер қазақстандық балуанға ескерту жасап, қарсыласына бір ұпай ұстатты. Жеңіс ресейлік балуанның уысында кетті.
Нұрислам бесінші рет әлем чемпионатына қатысты. Алғаш рет 2012 жылы Ресей құрамасы сапында барып, 8-орын алған. 2014 және 2015 жылдары Қазақстан атынан барып, екі ретте де 5-орыннан көрінген. 2017 жылы да жүлдеге қол жеткізе алмады. Биыл Азия чемпионы атанды. Будапештте күміс бұйырды.
Еркін күрестен әлем чемпионы атанған қазақстандық балуан әзірге жоқ. Қазақ спортына бұйырмай жүрген бір жүлде. 1995 жылы Атлантада (АҚШ) өткен жарыста Қазақстан атынан шыққан Елмәди Жабырайыловтың (ұлты - шешен) тұңғыш чемпион атануға мүмкіндігі болған. Бірақ финалда америкалық Кевин Джексонға жол беріп, күміс алды. 2016 жылы Будапештте Олимпиада енбеген салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыста 70 кг-ға дейінгі салмақта Нұрлан Бекжанов финалға дейін жеткен. Алайда шешуші белдесуде ресейлік Магомед Курбаналиевке жол беріп, күміс жүлдегер атанған-ды.