08 сәу, 2017 сағат 08:21

Нұрбек Құшақбаев 2,5 жылға сотталды

Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде  Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотында маңғыстаулық Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервистік компаниясының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа сот үкімі шықты.

Нұрбек Құшақбаев қылмыстық кодекстің 402-баптың 2-бөлігі, яғни "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату" бойынша айыпты деп танылды.  Судья Айжан Күлбаева үкімді жария ету кезінде сотталушының айыбы жиналған дәлелдер мен куәгерлердің куәліктері негізінде дәлелденгенін айтты. Сот шешімімен Н. Құшақбаев 2 жыл 6 айын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді. Сондай-ақ, ол 2 жыл мерзімге дейін қоғамдық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Құшақбаевтың үстінен түскен 25 199 717 теңге көлеміндегі азаматтық талап арыз толық қанағаттандырылды.

Аталған сома ішінен 25,1 млн. теңге жәбірленуші тарап «Технотрейдинг ЛТД» ЖШС пайдасына өндіріледі. 716 мың теңге сот шығындарына, ал 54 мың теңге жүргізілген сараптамалық жұмыстарға жұмсалады.

Құқықтық мемлекетте заң жүзінде шығарылған шешімді елемеуге болмайды. Ал Құшақбаев мырза болса, үлкен кәсіпорынның жұмысына кедергі келтірді, оның мұнайшылардан аштық акциясын жариялауды талап еткендігінен цех жұмысы жарты айдай мүлдем тоқтап тұрды. Бір сөзбен айтқанда, Құшақбаев қарапайым жұмысшылардан заңды ескермеуге талап етті. Куәгерлердің өз сөзінде және дәлелді құжаттарында бұның барлығы заңды көрініс берді.