14 қаң, 2026 сағат 12:01

Нұрай Серікбайдың өлімі: туыстары полиция әрекетсіздігін айыптады

Фото: ашық дереккөз

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың туыстары әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, марқұмның бұған дейін де күдікті тарапынан қысым көргенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Белгілі болғандай, марқұм Аймахан Шерханның үстінен бұған дейін арыз жазған, алайда полиция тарапынан тиісті бақылау болмаған.

Нұрай Серікбай Алматы қаласында «сән, дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Ол күдіктімен өткен жылдың жазында бір тойда танысқан. Бастапқыда жігіт өзін сыпайы ұстағанымен, уақыт өте келе қызға психологиялық қысым көрсетіп, қорқыта бастаған. Туыстарының айтуынша, 28 жастағы Аймахан Шерхан қазан айында Нұрайды Шымкентке алып қашқан. Кейін полицияның көмегімен қыз босатылғанымен, жігіт оны аңдуын тоқтатпаған.

Марқұмның жақындарының сөзінше, күдікті Нұрайды үнемі бақылап, әлеуметтік желі арқылы мазасын алып, қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдап отырған. Тіпті «мені түрмеге отырғыза алмайды» деп ашық айтқан. Нұрай бұл әрекеттердің барлығын дәлел ретінде скриншот жасап жинағанымен, полицияға жолданған арыздар дер кезінде қаралмаған.

Туыстарының айтуынша, Аймахан Шерхан Нұрайдың сабақ кестесін біліп алып, оқу орнына барып, бетпе-бет қорқытқан. Қыздың қатты үрейленгені соншалық, ағасы оны сабаққа апарып, қайта алып кетуге мәжбүр болған. Соған қарамастан, күдіктіге қатысты нақты шара қолданылмаған.

Марқұмның жақындары бұл қылмыстың алдын алуға болар еді деп есептейді. Олар Аймахан Шерханды адам ұрлау, жүйелі қудалау (сталкинг), қорқыту және адам өлтіру баптары бойынша ең қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр. Сондай-ақ жәбірленушінің арыздарына тиісті деңгейде әрекет етпеген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жауапкершілігі қаралуы тиіс екенін айтады.

Бұған дейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай отбасының сот процесінің әділ өтетініне сенім артатынын, қазіргі таңда артық мәлімдеме жасаудан бас тартатынын жазған.

Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта болды. Нұрай Серікбай үйінен ұн алу үшін сыртқа шыққан сәтте үйін торуылдап жүрген күдікті оған шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Қазір күдікті қамауға алынып, іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.