12 жел, 2020 сағат 05:50

Нұр-Сұлтанның көлік жүйесі Еуропа, ТМД және Орталық Азияда үздік деп танылды

Нұр-Сұлтанның интеллектуалды көлік жүйесі Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдері арасында 1-ші орынға ие болды.

Бұл 12 елдің 40 қаласы. «Ақылды» қалаларды дамыту мәселелері IDC Smart City Forum онлайн режимінде талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасына сілтеме жасап. 

Оның жазуынша, Нұр-Сұлтанда қала одан әрі қауіпсіз ету мақсатымен бірқатар жоба қолға алынды:

Бірінші. Көшелерде ақылды камера орнатудың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 40% - ға азайды, өлім-жітім екі есе азайды. Жол қозғалысына қатысушылар тәртіп сақтай бастады.

Екінші. «Қауіпсіз аула» жобасын іске асырып жатырмыз. Тұрғындардың өтініші бойынша аулаларда камералар орнатып келеміз. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттыруға: ұрлық, мемлекеттің эәне жеке азаматтардың мүлкін бүлдіру және басқа да құқықбұзушылықтар санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Үшінші. Мектептер мен балабақшалар қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін камералармен қамтылды.

Төртінші. Барлық автобустар жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеуге арналған валидаторлармен жабдықталған. Бұл көлеңкелі айналым мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Пандемия уақытында цифрландыруды дамыту қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз, өйткені байланыссыз төлемнің арқасында вирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, Face Pay төлем жүйесі енгізілді – жүйе адамды танып, жол жүру төлемі автоматты төленеді. Жобамен қамтылған автобустар санын арттырамыз.

«Бұл бағыттар-тікелей қауіпсіз қозғалысқа және құқықбұзушылықтар санын азайтуға бағытталған жобалардың бір бөлігі ғана. Цифрландыруды барлық бағыттар бойынша, соның ішінде елорданы цифрландыруды «Smart City» тұжырымдамасы аясында жүргіземіз»,-деп жазады елорда әкімі.