12 жел, 2021 сағат 19:58

"Жыл жаңалығы" атағына ие болған спортшы анықталды


Бүгін елордада 2021 жылғы Ұлттық спорттық жүлденің жеңімпаздары анықталды. «Жыл жаңалығы» аталымында қазақстандық каратэші Нұрқанат Әжіқанов жеңіске жетті, - деп хабарлайды Olympic.kz. 

Нұрқанат жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатында екі қола медаль жеңіп алды. Ол алдымен жекелей сында үздік үштікке енсе, кейін командалық сындағы тарихи жүлдеге атсалысты. Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте Түркияны ұтқан болатын. 

«Мен ересектер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып, жүлдемен оралдым. Бұл спорттық мансабымдағы ең алғашқы, әрі ең ірі жеңісім болатын. Сондықтан бүгінгі жеңіс мен үшін ерекше маңызды.

Мен үшін еліміздің мықты спортшыларымен бір тізімде тұру үлкен абырой. Оның үстіне, мұндай байқау атлеттерді одан әрі шабыттандырады.

Бізді ұмытпай, еңбегімізді ескеріп жатқан Ұлттық Олимпиадалық комитетке көп рахмет!

Дауыс берген әр жанкүйерге де алғысым зор. Біз өз кезегімізде халықты жеңіспен қуантуға тырысамыз. Рахмет!», - деді спортшы.