Елордада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Жамбыл Жабаев музейінің экспозициясы қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған көрмеде ұлы ақынның тұтынған жеке заттары, сыйланған сый-сияпаттары мен фотоестеліктер қойылған.
Жамбыл Жабаев атындағы музейдің меңгерушісі, ақынның тікелей ұрпағы, немересі Салтанат Жамбылова музей тарихын айтып берді.
«Бүгін елорда төрінде Жамбыл атамызға үлкен құрмет көрсетіліп отыр. Осы жиынға біз де құр алақан келмей, Жамбыл атамыздың өз ауылындағы музейінен жәдігерлер әкелдік. Бұл музей атамыз тұрған үйде ашылған, 92 жасында Үкімет атамызға 12 бөлмелі үй салып берген екен. Одан болашақта музей жасау мақсаты болған шығар. Атамыз ол үйде 8 жыл тұрып, 1945 жылы 22 маусымда қайтыс болды. 1946 жылы атаның жүз жылдығы тойланғанда, Үкіметтің шешімімен үлкен үй музей атанды. Биыл атамыздың 175 жылдығы болса, музейдің құрылғанына 75 жыл толып отыр», - деді Салтанат Жамбылова.
Көрмеде Жамбыл Жабаевтың киген киімдерін, ұстанған заттарын, көзі тірісінде сыйланған сыйлықтары көпшілікке ұсынылып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойған еді.
Бүгін еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елдімекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды, әрқилы мәдени шаралар өткізілді.