Министрліктер үйіндегі бұзақылығы үшін алты әйел 70 мың теңгеден астам айыппұл төлейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның ақпаратынша, 19 шілдеде ашулы әйелдер министрліктер үйінің ғимаратына баса-көктеп кірмек болды.
Олар тәртіп сақшыларына тіл тигізіп, қол-аяғымен ұрып, денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері мен күзетшілерге су шашқан.
"Министрліктің жауапты қызметкерлері диалог құрып, проблемаларын түсініп, оның шешімін табуға тырысқанда, әйелдер оларға балағат сөздер айтып, жұдырық ала жүгірген, беттерінен ұрып, киімін тартып жұлқылаған", - деп мәлімдеді департаменттегілер.
Бұзақылық әрекеттері үшін алты әйел әкімшілік жауапқа тартылды: олардың әрбіріне 25 АЕК (72 925 теңге) айыппұл салынды. Полиция наразы әйелдер министрлікке қандай талаппен келгенін нақтылаған жоқ.
