08 ақп, 2022 сағат 18:51

Нұр-Сұлтанда 130 миллион теңгеге биткоин ұрланды


Елорда тұрғыны 130 млн теңге болатын биткоиндерін белгісіз біреу заңсыз иемденгенін мәлім еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алаяқтық фактісімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде елорданың 37 жастағы тұрғыны ұсталған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адам алаяқтық жолмен биткоин әмиянына кірген және үш ай бойы биткоин жымқырып келген. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында қамаулы және қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полицияның хабарлауынша, соңғы үш жылда криптовалютамен және онлайн-биржадағы табыспен байланысты алаяқтық 10 есеге артты. Бұл ретте залал сомасы жүздеген миллион теңгемен есептелуде. Интернет желісінде жалған брокерлер онлайн-биржаларда ақша айналдыру бойынша өз қызметтерін ұсынатын көптеген интернет-ресурстар бар. 

«Ондағы алдау схемасы қарапайым. Жаппай таратылым арқылы алаяқтар түрлі веб-сайттар мен әлеуметтік желілерде көп табыс әкелетін жарнамалық ұсыныстар жариялайды. Шартты түрде, 100 доллардан 1000 долларға дейін алуды ұсынады. Содан кейін қаскөйлер брокердің ойдан шығарылған сайтын және пайдаланушыға қолжетімді болатын жеке кабинетін құрады. Бұл жеке кабинетте алаяқтар пайдаланушымен бірдей шоттың қаншаға толтырылғанын көре алады», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында. 

Әрі қарай пайдаланушы форекс-биржада ойнауға кіріседі және ұта бастайды. Алайда, іс жүзінде бұл «ойынды» алаяқтар қашықтан бағдарламалап отырады. Ойын қызығына түскен пайдаланушы мол табысқа кенелдім деп одан да көбірек ақша салуға тырысады. Ал алаяқтар барлық қаражатты өздері иемденеді. «Жәбірленуші» өзінің ұтысын жеке кабинеттен шығаратын сәтте брокер қаражатты алуға ұзақ уақыт кететінін айтады. Бұл процесс шамамен бір айға созылуы мүмкін, содан кейін брокермен байланыс үзіліп, сайт жабылады.

Полиция азаматтарға биржада ақша табу туралы ұсыныстарға мұқият қарауды ұсынады. Ең алдымен, диллердің лицензиясы мен басқа да рұқсат құжаттары бар-жоғын тексеру керек. Мұны интернетте жасауға болады.

«Егер сізде форекс-биржадағы бағалы қағаздар нарығының жұмыс істеуі саласында арнайы біліміңіз болмаса және сізге жылдам табыс табу ұсынылса – сақ болуыңыз қажет. Жеке жинақтарыңызды бір сәтте жоғалтуыңыз мүмкін, сондықтан қауіп төндірмеңіз», - деп ескертті полиция.