25 мам, 2021 сағат 17:45

«Нұр-Сұлтан-Тараз» әуе рейсінде мас жолаушы экипаж мүшелерін балағаттаған


Көлік полицейлері «Нұр-Сұлтан-Тараз» бағытындағы әуе рейсінен мас жолаушыны түсіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің мәліметінше, Тараз қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне диспетчерден «Нұр-Сұлтан-Тараз» бағытындағы әуе рейсінің бортында құқықбұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. 

«Тексеру барысында ер адамның мас күйінде өзін агрессивті ұстап, экипаж мүшелерін балағаттап, бортсеріктердің ескертуіне құлақ аспағандығы анықталды. Жолаушы әуе кемесі командирінің актісі бойынша рейстен түсіріліп, кезекші бөлімге жеткізілді. Ол Маңғыстау облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты.Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол «орташа дәрежеде» мас күйде болған», делінген хабарламада.

Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігімен, яғни ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйде келу және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігімен, яғни әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар, оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша да үшінші әкімшілік хаттама толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Тараз қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық үшін 19 094 азаматты, оның ішінде ішімдік ішкені және қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін 1 935 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.